"Павлодар" АЭА шетелдік инвестицияға иек артады

11518

2019 жылдың соңына қарай "Павлодар" арнайы экономикалық аймағындағы шетелдік инвестицияның үлесі 50%-ға жетеді.

"Павлодар" АЭА шетелдік инвестицияға иек артады

Бүгінде арнайы аймаққа салынған инвестицияның жалпы көлемі 50,2 млрд теңгені құрап отыр. Өкінішке қарай, ондағы шетелдік инвестицияның үлесі мардымсыз. Небары 5,9 млрд теңге ғана. Сол себепті "Павлодар" арнайы экономикалық аймағын" басқарушы компания 2019 жылдың соңына қарай шетелдік қаржының көлемін 50%-ға жеткізбек.

"Шетелдік инвестицияның көлемін арттыру үшін арнайы аймақты халықаралық деңгейге таныту керек. Біздің қазіргі жұмысымыз осы бағытта жүріп жатыр. 2019 жылы арнайы аймаққа жалпы 100 млрд теңге инвестиция тартуды көздеп отырмыз. Оның 50%-ы тікелей шетелдік инвестиция болуы қажет", – дейді басқарушы компанияның басқарма төрағасының міндетін атқарушы Айбек Тұрсынғалиев.

Басқарушы компания өкілінің айтуынша, алдағы екі жылда арнайы аймақта 15 жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Оның алтауы осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Сондай-ақ екі зәкірлік жобаны қолға алу көзделуде. Олардың әрқайсысына тартылатын инвестиция көлемі шамамен 20 млрд теңге болмақ. Бұдан бөлек  бір трансұлттық компанияны тарту жоспарланған.  

"Шетелдік компаниялар "Павлодарға" көп ақша салуы үшін маркетингке көңіл бөлу керек екені түсінікті. Сондықтан осы бағыттағы жұмысты жандандырмақпыз. Атап айтқанда, арнайы экономикалық аймақтан таныстырылым залын ашпақпыз. Онда арнайы аймақтан орын алған компаниялардың өнімдерімен танысу мүмкіндігі  беріледі. Сонымен қатар инвесторлар үшін тікелей желі жұмыс істейтін болады. Тікелей желі арқылы кез келген уақытта кеңес ала алады", – деді Айбек Тұрсынғалиев.

Сондай-ақ "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында өндірілетін тауарларға арнайы аймақтың логотипі орналастырылмақ. Айбек Тұрсынғалиевтің сөзінше, бұл да арнайы аймақты жарнамалаудың бір жолы.

"Павлодар" арнайы экономикалық аймағын халықаралық деңгейде таныстыру мақсатында Айбек Тұрсынғалиев осыдан бірнеше күн бұрын Дубайға барып келіпті. Ол Біріккен Араб Әмірліктерінде өткен еркін экономикалық аймақтардың ІХ халықаралық конференциясына қатысқан. Жиын барысында шетелдің әлеуетті инвесторларымен бірнеше келіссөз жүргізген.

"World free zone Organization" ұйымы 2014 жылы құрылды. Ол – еркін және арнайы экономикалық аймақтарды, еркін аймақтар қауымдастықтарын біріктіретін коммерциялық емес ұйым. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы осы ұйымның толыққанды мүшесі атанды. Бұл халықаралық деңгейдегі Павлодар облысының инвестициялық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді", – деді Айбек Тұрсынғалиев.

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов атап өткендей, арнайы аймақты басқарушы компания өздігінен ақша табуды үйренуі керек және өзін-өзі ақтауға тиіс.

Айбек Тұрсынғалиевтің сөзінше, жақын уақытта "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында үш жаңа кәсіпорын іске қосылады. Атап айтқанда, екі айдан соң "Северхим" ЖШС-ның мазутты қайта өңдеу зауыты өзінің алғашқы өнімін алмақ. "RTFPVL" ЖШС-ның мұнай өнеркәсібінің қалдықтарын қайта өңдеу зауыты маусым-шілде айларында пайдалануға берілмек. Ал "Металлогамма" ЖШС-ның жаңа жобасы іске қосылуға дайын.

Еске сала кетейік, елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар. "Павлодар" арнайы экономикалық аймағы мұнай-химия бағытында жұмыс істейді.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу