banner

"Полиметалл" Бақыршықты белден қазып жатыр

5330

Алтын қоры 226 тонна деп болжанған Бақыршық кен орнын игеру үшін ресейлік инвестор 128 млрд теңге жұмсамақ.

"Полиметалл" Бақыршықты белден қазып жатыр

"Полиметалл" компаниясының бас директоры Виталий Несис көрсетілген соманың 51 млрд теңгесін жобаға жұмсап үлгергенін жеткізді.

Лондон биржасында қолдан-қолға өтіп келген Бақыршық кеніші 2014 жылы ресейлік "Полиметалл" компаниясына тиген болатын. Ресей, Қазақстан, Армения аумағында алтын өндірумен айналысатын алпауыт кәсіпорын Жарма ауданының алтынын белден қазу үшін "Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны" ЖШС құрды. Қазір серіктестік игерілетін аумаққа тұтас  қалашық тұрғызып жатыр.

Әуезов кентінің іргесіндегі құлынжон белдердің құйқасы аршылып, дайын карьерге айналған. Талай инвестордың тісі батпаған алтынды белдеу бұл күні қайнаған тіршіліктің ошағы іспеттес. Осында құрастырылған "БелАЗдар"  мен "Komatsu" көліктері, шведтік бұрғылау машиналары қазыналы даланы бастарына көтере жұмыс істеуде.

Алтын концентратына жеткенше өндіріс алаңынан 32 млн текше метр жер қыртысы сыртқа шығарылуы керек.

"Сәуір айында бұрынғы өндірістен қалған үйінділерден құтылуға кірістік. Қазір карьерді аршу жұмысын жүргізіп жатырмыз. Жұмысқа әрқайсы 136 тоннаға дейін жүк көтеретін 17 "БелАЗ" көлігі, 90 тонналық сегіз "Кomatsu", жеті бульдозер, алты экскаватор және төрт бұрғылау станогы жұмылдырылған. Карьер аршумен қатар қалдық қойма құрылысы да аяқталып қалды", - дейді серіктестік директоры Юрий Овчинников.

Әзірге мұндағы жұмыс кестеге сай жүріп келеді. Осы қарқыннан таймаса, жыл аяғына дейін батыс карьерден алғашқы кен алынуы керек.

Шығыс карьер тек келесі жылы ғана игерілмек. 2018 жылдың ортасына қарай кен байтыу фабрикасы да жұмысын бастайды. Ал 2019 жылы кәсіпорын толық қуатына еніп, жылына 10 тонна таза алтын өндіретін болады.

Қазіргі болжам бойынша, бұл кеніште кемінде 226 тонна алтын жатыр. Осы кен игерілгенше Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны Әуезов кентінен табан аудармай жұмыс істемек. Яғни шамамен 2039 жылға дейін өндіріс толастамайды. Жалпы, Бақыршық кеніші алғашқы он жылда ашық әдіспен игерілуі тиіс. Бұл уақытта жылына 10 тонна алтын концентратын алу көзделген. Ал одан кейінгі жылдары кен қазу жұмыстары шахталық әдіспен жүрмек. Бұл кезде жылына сегіз тонна алтын қазу жоспарланған. Қазылған кеннің бір тоннасынан шаммамен 7,7 грамм алтын шығады деген есеп бар.

"Бұл жердегі алтын  кені "тысталған" жынысқа жатады. Яғни қатты кесектердің құрамына жасырынған. Сусыма кенге қарағанда алтынын айыру өте қиын. Сондықтан мұнда әлемдегі ең танымал компаниялардың қондырғылары қойылды. Финляндия, Канада, Австралия сияқты жетекші мемлекеттердің технологияларын пайдаланамыз", - дейді Юрий Овчинников.

Әуезов кентінің келесі бір шетінде кеншілер қалашығы бой көтерген. Мұнда 300 адамға арналған вахталық жатақхана, 90 адамдық асхана, қосалқы шаруашылық ғимарат орналасқан. Фабрика зертханасы мен жылу-энергетикалық кешен, жөндеу-монтаждау цехы да осы қалашық аумағынан орын тепкен.

"Тұрмыстық ғимараттардың барлығы бір-біріне галереялар арқылы жалғанатын болады. Яғни жұмысшылар ғимарат арасына киім ауыстырмай-ақ өте алады. Жатақахана құрылысы аяқталысымен қызметкерлер осында қоныс аударуы тиіс", - дейді Юрий Овчинников.

Жалпы ішкі өнімінің 50 пайыздан астамын ауыл шаруашылығы беретін Жарма ауданы Бақыршық кеніші іске қосылған жағдайда өнеркәсіптік ауданға айналады деген болжам бар. Өйткені  қазірдің өзінде Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны ел бюджетіне бір миллирд теңгеге жуық салық төлеп үлгерген. Серіктестік директорының айтуынша 2018 жылы кәсіпорынның салық түсімі алты миллиард теңгеге жетпек. Қазір мұнда 600-ден астам қызметкерлер жұмыс істеп жүр. Ал 2018 жылы жұмысшылар санын 800-ге жетеді деп жоспарланған.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу