"Самсунг" сүлікше сорды, "Қазақмыс" қарпыса қайтеміз?

3385

Бүгінге дейін Жезқазған аймағында 1 млрд тоннаға жуық кен өндірілді.  

"Самсунг" сүлікше сорды, "Қазақмыс" қарпыса қайтеміз?

2010 жылы күзде Үкімет мәжілісінде "Қазақмыстың" басқарма төрағасы (қазір директорлар кеңесінің төрағасы – авт.) Эдуард Огай кен қорының азаюынан алдағы 10-15 жылда кейбір қаланы жұмыссыздық жайлауы мүмкін екенін мәлімдеді. Ал 2013 жылы желтоқсанда өткен Үкімет отырысында Жезқазған жайлы жайсыз әңгіме ашық айтылды. Сол кездегі өңірлік даму министрі Болат Жәмішев: "Жезқазған қазба орнында қазіргі технологияны одан әрі қолдану, "Қазақмыс" мамандарының ойынша, өндіріс тиімділігін қамтамасыз етпейді. Кен-металлургия кешенінің 13-15 жылдай ғана жұмыс істейтін мүмкіндігі бар", – деді.

Мұндай мәлімдеме жезқазғандықтарға жайсыз тиді. Компания басшылығы ғана емес, қайлаға қараған кенші де, кенді келешегіне балаған ауыл-аймақ адамы да алаңдады. Себебі қазір кенішке "кіндігі байланбаған" отбасы кемде-кем. Тіпті ауылдағы малшының баласы да бүгінде шахтаның "шаңын қағып" жүр. Содан да шығар, ел еріксіз елең ете қалды.

Сонда Қаныштың қазақты қарық қылған батыл болжамы қиял болып қалғаны ма? деген сауал еріксіз тіл ұшына оралды.

"Жұт қайдан жетті?" – деп жабырқап жүрсек, оның түк "құпиясы" жоқ екен. Қыруар қаржы құйған шетелдік инвестор бас пайдасын да ұмытпапты. Жаңа жабдыққа мәз болып жүрсек, 1995 жылы күзде Жезқазған комбинатын сенімді басқаруға алған "Самсунг" фирмасы кеніш біткенді қуатты техникамен жарақтандырып, кен қорына қырғидай тиіпті. Оны кейін түсіндік қой", – дейді байырғы кенші Мұхит Жақыпов.

Расында, сонау 60 жылдардың аяғында өндіріске енгізіліп, сан сыннан сүрінбеген, талай торабы жетілдіріліп, 1975 жылы жаппай пайдалануға көшкен "МоАЗ" автоқотарғышының басынан жиырма жылдан кейін "бақ" тайды. Қазір оны қосалқы шаруадан болмаса, өндірістен көрмейсің. Есесіне шахта шыңырауын қуаты одан бірнеше есе артық шетелдік техника шиырлап жүр. "Қазақмыстың" фин-шведтік "Сандвик-Тамрок", финдік "Нормет", шведтік "Атлас-Капко", әлемге әйгілі "Катерпиллар", польшалық "Бумар" фирмасымен берік байланысы бар.

Әрине, кенішті қуатты техникамен жарақтандыру – қуанатын-ақ жағдай. Тек кен қорын нығайту жағы назардан тыс қалып, жұмыстың біржақты жүргізілуі жайсыз жағдайға ұрындырды. Өкінішке қарай, шетелдік инвестор кеткесін де "Қазақмыс" бұл маңызды мәселеге он жылдай мойын бұра қоймады. Соның салдарынан кеніш қатары кеміді, бірнеше дүркін өндірісте оңтайландыру жүргізілді, тіпті қолына "қайладан" басқа құрал ұстап көрмеген кеншіге күрек пен шелек беріп Кеңгір су қоймасының жағасына ағаш ектіріп қойғанды да көрдік.

"Қазақмыстың" басқарма төрағасы Бақтияр Қырықпышев былтыр тамызда Алматыда журналистермен жүздескенде былай деп ағынан жарылды: "Елде ұзақ уақыт геологиялық іздестіру жүргізілмеді. Барлығы өткен ғасырдың ортасында алынған кеңестік деректі қолданды. 2012 жылы біздің компания геологиялық жабдық сатып алуды, маман тартуды бастады. Бүгінде барлау мәліметіне сүйеніп, құрамында мысы мол "Сарыоба" кенішінің кені – 40 жылға, "Жаман-Айбат-2" кенішінікі 30 жылға жететінін сенімді түрде айта аламыз".

Індетіп іздестірсек, сынаманы тереңнен тартсақ, әлі талай кен қоры табылады. Осы жерде Жезқазған қойнауында елеусіз жасырынып жатқан кен қатпары мен белгісіз қазба орнын қадағалап, түбегейлі зерттеген Қаныштың қызы Мейіздің кен минерологиясы жөніндегі көп жылғы зерттеу еңбегіне жүгінген жөн. Ол Жезқазған кенінің пайда болу негізі эндогендік (тереңдегі) текке жататынын анықтап, тәптіштеп түсіндіріп берді. Беймәлім кен қатпарын Жезқазғанның тереңдегі горизонтынан іздестіруді ұсынды.

Беймәлім кен қатпарын Жезқазған кенді аймағының тереңдегі горизонтынан іздестіруді меңзегенде Мейіз Қанышқызы ең алдымен "Покро–Оңтүстік-Батыс" телімінің оңтүстік-шығыс бөлігін ұсынды. Сонау 1985 жылы айтылған ақыл-кеңес күні бүгінге дейін құнын жойған жоқ. Тек туындаған тосқауыл – кені алынған кеңістік арқылы бұрғылау қиындығы.

"Жоғарғы горизонттың кені алынып, бос кеңістік пайда болғандықтан, төменгі горизонтты бұрғылау үшін станокты жердің астына түсіру керек еді. Бұл кезінде күрделі көрінді, оның үстіне өндірісшінің барлығы бірдей қолдай қоймады, арасынан ашық қарсылық танытқаны да табылды. Соның салдарынан ұзақ жыл жұмыс жүрмеді. Тек 2003 жылы шілдеде "Қазақмыс" басшылығы жер астында скважина бұрғылау арқылы кен іздестіруді бастауға нұсқау берді. Бірақ ол үнемі күтпеген күрделі техникалық қиындыққа кездесе берді. Дегенмен кен қатпары болуы ықтимал", – деп Мейіз Сәтбаева жорамалдаған жобаның солтүстік-батыс беткейінен бұрын беймәлім болып келген жаңа кенді аймақ табылды.

Мұндай кенді аймақтың жалғасы солтүстік-батысқа қарай 450 метрден кейін тағы кездесті. Атқарылған азды-көпті жұмыстың нәтижесі өмірлік маңызы жағынан да, ғылыми тұрғыдан да, сөзсіз, қызығушылық тудырады. Себебі алынған дерек Жезқазған кен қыртысының әлі де ашылмаған қыры жеткілікті екенін көрсетеді. "Сондықтан байыпты зерттеу барысында талай "тосын сыйға" тап болуымыз әбден мүмкін", – дейді геология саласының ардагері Мәлік Омаров ақсақал.

Таяуда тұрғындар алдында Сәтбаев қаласының әкімі Асқар Ыдырысов есеп берді. Қала басшысы былай деді: "Былтыр кен қорының Жыланды жүлгесі қатарға қосылды. "Шығыс Сарыоба" мен "Қарашошақ" кен орнының қуаты артып келеді. Нәтижесінде өткен жылы 16,8 млн тонна кен өндірілді, бұл – 2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4% артық. Былтыр желтоқсанда шоғырландырып шаю тәсілімен тотыққан кеннен шақпақ мыс алатын тәжірибелік зауыт кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл қаңтарда шақпақ мыстың алғашқы легі алынды. Наурызда бұл өндірістің экономикалық тиімділігі екшеленеді,  сосын жылына 846 мың тонна кен өңдеп, 5000 тонна шақпақ мыс шығаратын зауыт салынады".

Бұл жағымды жаңалық жиналған жұртты бір желпіндіріп тастады. Компания мәліметіне қарағанда, Жезқазған аймағынан күні кешеге дейін 1 млрд тоннаға жуық кен өндірілсе, геологиялық қызмет әлі 1 млрд тоннадай құнарсыз теңгерімнен тыс мыс кені бар екенін дәлелдеп отыр. Бірақ  оны қазіргі технологиямен өңдеу тиімсіз. Сондықтан  2018-2021 жылдары жылына 600 мың тоннадан астам мыс концентратын өңдейтін ірі гидрометаллургиялық зауыт салынады.

Кезінде академик Қаныш Сәтбаев Жезқазғанның қазба байлығына қатысты: "Менің қымбатты жезқазғандық достарым! Ежелгі адал достарым! Жезқазған даласының байлығын дәлелдеу үшін, осында үлкен қала салу үшін сіздер мен біздер қиындықтарды жеңдік... Достар, Жезқазғанды көздің қарашығындай сақтауды сіздерден қатты өтінемін. Біздің байлығымыз орасан болғанымен, шексіз емес", – деген екен. Бұл сөздің жаны бар. Себебі былтыр Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы Базарбай Нұрбаев Жезқазған кен орнындағы қор таусылып келе жатқанын айтып, дабыл қақты.

"...Жезқазғанда үлкен комбинат бар. Оны бәрі біледі. Ел бар, xалық бар, үлкен қала бар деген сияқты. Оның да қорлары таусылып келеді. Геология саласында кен қорын алдын ала 20-50 жыл бұрын барлап отырмасақ, өте кеш болады", – деген еді  Базарбай Нұрбаев.

Әлібек Әбдіраш

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу