28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілді – ҚТЖ

497

Көмір тасымалдау тарифін өсіру жоспарланбаған.

28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілді – ҚТЖ

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесовтың мәліметінше, биылғы жылдың 9 айында көмірді жалпы тиеу өткен жылмен салыстырғанда 4%-ға өсіп, 76,6 млн тонна болған. Қазақстандық тұтынушылар үшін 53,5 млн тоннасы тасымалданса, бұл 2020 жылдың 9 айы деңгейінен 2%-ға жоғары. Оның ішінде Қазақстанның негізгі ЖЭО-сына 47,4 млн тонна, ал тұрғындар үшін 6,1 млн тонна қатты отын тиелді, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚТЖ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Бірінші кезекте, темір жол ЖЭО мен тұрғындар қажеттіліктерін толық көлемде жабады. Біздің жоспарымыздан сәл артта қалу, себебі Қазақстанның оңтүстік өңірлері көмірді жеткізуге енді өтінім бере бастағанына байланысты, өйткені елдің оңтүстігінде салыстырмалы түрде жылы ауа райы байқалады. Бұл ретте Қазақстанның солтүстік өңірлері коммуналдық-тұрмыстық көмірмен толық қамтамасыз етілген", – дейді спикер.

Биылғы жылдың қыркүйек айында темір жол көлігімен 8,8 млн тонна тас көмір тасымалданса, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 3,7%-ға жоғары. Оның ішінде ТМД елдеріне экспортқа 2,7 млн тонна қатты отын тиелді. Ел ішінде 6,1 млн тонна тасымалданды. Өткен жылға қарағанда өсім – 5,4%. Жылу электр орталықтарына 5 млн тоннасы жеткізілген, бұл 2020 жылдың қыркүйегінен 8,5%-ға жоғары.

Биылғы жылдың 5 қазанындағы жағдай бойынша елімізде жұмыс істеп тұрған 28 ЖЭО-да көмірдің нормативтік қоры қамтамасыз етілген.

"ЖЭО-ларға көмір тиеу жұмыстары тәулік сайын бақылауда, айналма маршруттар ұйымдастырылды. Жүк вагондарымен қамтамасыз ету тиісті деңгейде жүргізілуде", – дейді Қанат Көбесов.

"ҚТЖ-Жүк тасымалы" өкілінің айтуынша, бүгінгі таңда ҚР темір жол желісіндегі ашық вагондар паркі жеткілікті көлемде.

"Қазақстан аумағында 64 мыңнан астам ашық вагон бар, олардың 55%-ы қатты отынды тасымалдауға тартылған. Оның ішінде 21 мыңнан астам ашық вагон "ҚТЖ" ҰК" АҚ "еншілесі" – "Қазтеміртранс" АҚ-ға тиесілі, олардың 66%-ы көмір тасымалдауға тартылған", – дейді Қанат Көбесов.

Көмір тасымалдау тарифі өспеген, жыл соңына дейін өсіру жоспарланбаған. Бұл ретте, көмір тасымалдау тарифі қара металдарды тасымалдау ставкасынан бес есе, орман жүктерінен 2,5 есе төмен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу