60 жыл бірге ғұмыр кешкен отбасы "Мерейлі отбасы" байқауында жеңімпаз атанды

341

Салтанатты шараға Абай облысының әкімі Берік Уәли қатысты.  

60 жыл бірге ғұмыр кешкен отбасы "Мерейлі отбасы" байқауында жеңімпаз атанды Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Семейде "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланып, жеңімпаздарға марапат табысталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған байқау Қазақстанда 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Биыл Абай облысында жобаға 129 отбасы қатысуға өтініш беріп, олардың 24-і облыстық кезеңге өтті.

Марапаттау кезінде Берік Уәли отбасының бала тәрбиесі мен қоғамдағы орнына тоқталды.

"Отбасы – Отанның бір бөлшегі. Өнегелі әулеттердің тәрбиесі арқылы елге қызмет ететін, отаншыл, еңбекқор әрі білімді ұрпақ қалыптасады. "Мерейлі отбасы" байқауы осы құндылықтарды дәріптейтін маңызды дәстүрге айналды", – деді облыс әкімі.

Байқау нәтижесінде бірінші орын Бесқарағай ауданының Қайдаровтар отбасына берілді. Екінші орын Абай ауданының Мақаевтар отбасына бұйырса, үшінші орынға Ақсуат ауданының Каржиковтар және Жарма ауданының Құмаровтар отбасылары ие болды.

Облыстық кезеңнің жеңімпазы атанған Қайдаровтар отбасы республикалық кезеңде Абай облысының намысын қорғайды.

"Осындай марапатқа ие боламыз деп күтпедік. Жұбайым екеуміз 60 жылдан астам уақыт бірге өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп келеміз. Бұл марапатты отбасымызға көрсетілген үлкен құрмет деп қабылдаймыз", – деді білім саласының ардагері, байқау жеңімпазы Жұмағазы Қайдаров.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге естелік сыйлықтар және ақшалай сертификаттар табысталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу