Тексеріс барысында үш ауылдағы су станцияларында сүзгілеу жүйесі жоқ болып шықты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Прокурорлар Бұғыбай, Қызылбұлақ және Қызылжұлдыз ауылдарындағы блок-модульдік станцияларда су сүзгілеу жүйелері жоқ екенін анықтады.Сондай-ақ бұл нысандардың санитариялық-қорғау аймақтары белгіленбеген және қажетті санитариялық қорытындылар алынбаған.
Бұдан бөлек, Бекет пен Қабанбай ауылдарында бюджет қаражатына салынған, құны 2 млрд теңгеден асатын су құбыры желілері құрылыс аяқталғаннан кейін коммуналдық кәсіпорынның балансына берілмеген. Соның салдарынан нысандарға тиісті қызмет көрсетілмей келген.
Анықталған заңбұзушылықтар тұрғындарға санитариялық талаптарға сай келмейтін ауызсу берілуіне себеп болуы мүмкін еді.
Осыған байланысты аудан прокуратурасы бұзушылықтарды жою және су нысандарын тиісті деңгейде күтіп-ұстау туралы аудан әкімдігіне ұсыныс енгізді.
Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдар анықталған кемшіліктерді жоюға кірісті.