"7-20-25": Сұраныс көп, қаржы тапшы

823

Биылғы жылдың ең сәтті цифры 18 саны. Көпшілік жеңілдетілген автонесиелеуге құжат қабылдаудың 18 секундта аяқталғанын әлі ұмыта қоймады. Ал бүгін елімізде "7-20-25" бағдарламасы бойынша құжат қабылдау жүріп, берілген лимит 18 минутта таусылған көрінеді. 

"7-20-25": Сұраныс көп, қаржы тапшы Фото: tengrinews.kz

Еске салсақ биылдан бастап Ұлттық банк аталған ипотекалық бағдарламаның жылдық қарыз беру лимитін 100 млрд теңге етіп бекітті. Алайда бұл байламға баспанаға зәру болып жүрген жандар наразы.

Ринат Аралбаев түнгі сағат 12-де банк босағасына келіп, көпшілікпен қатар кезек алған. Таңды орнынан тапжылмай атырыпты. Себебі бағдарламаға бөлінген ақша аз, баспанаға мұқтаждар жетерлік. Ол еңбегі зая кетпепті де. Себебі таңғы 10-да құжат қабылдау басталғанда алғашқылардың бірі болып өтінім қалдырған. Көп ұзамай банк өтінішін мақұлдап, кепілдік хатты қолына алады. 

Астана қаласынан бірінші пәтерім осы. Қатты қуанып тұрмын. Толқып не айтарымды білмей тұрмын. Астанаға келгендегі арманым Хан шатырдың жанынан үй алу болған еді. Алла нәсіп етіп Хан Шатырдың қасынан жаңа үй алып отырмын екі бөлмелі. Несиені бекітті. Бұйырса бүгін кілтті аламыз", дейді Қала тұрғыны Ринат Аралбаев.

Ринат секілді банк есігін түннен күзеткен тұрғындар "Тауыққа тары шашқандай қылды", - деп ашулы. Қалың жұрт 10 ақпанда "7-20-25" қайта қаржыландырылады дегенде құжат жинап қамданған. Бүгін қаладағы екінші деңгейлі банктер филиалында ұзын сонар кезек болды. Бірақ бағдарламаға бөлінген азғантай қаржы көпшілікті баспаналы болу қуанышынан айырып отыр,- дейді банк алдына жиылғандар.

Ипотекалық несие беріп жатқан банктердің бұл мәселеге қатысты өз уәждері бар. Олар бағдарламаның қаржылық операторы Қазақстанның орнықтылық қоры биылғы жылдың бірінші тоқсанына бар жоғы 25 миллиард бағыттап отырғанын айтты. Ол қаржы орта есеппен айына 400-дей пәтер  сатып алуға ғана жеткілікті екен. 

"Қазіргі уақытта 7-20-25 бағдарламасының қаржылық операторы Қазақстанның орнықтылық қоры лимит бекітіп берді. Бұл екінші деңгейлі банктердің барлығына ортақ. Оның ішінде біз де бармыз. Біз бүгін таңнан бастап түске дейін тұрғындардың өтінішін қабылдадық. Лимит сол уақытқа дейін ғана жетті. Халықтың сұранысы бөлінген қаржыдан 10 есеге дейін жоғары", дейді "ЦентрКредит Банкі" Астана филиалының директоры Дина Сейтказинова.

Лимиттің қойылу себебін бағдарлама операторының өкілдерінен сұрап білдік. Жалпы Ұлттық банк болашақта мемлекеттік ипотекалық бағдарламаларға қатысу үлесін төмендетпек. Сол үшін жыл сайын 7 пайыздық ипотекаға бөлетін қаржыны азайтып келеді. Мәселен былтыр 400 млрд бағытталса, биыл бірден 4 есеге кемітті. Осылайша кезең-кезеңімен қаржыландыру төмендеп, "7-20-25" 2029 жылы нарықтан біржолата кетеді.

"Бұл бағдарлама негіз жабылу керек болатын. Билік тарапынан шешім шығарылып, оны жаппады көпшіліктің өтінішімен. Бірақ көлемін шектеу бойынша.  Себебі 7-20-25 экономикаға кері әсерін тигізбеуі керек. Оның ставкасы тым төмен. Біздеге базалық ставка жоғары. Ол банктердің түгел ипотека нарығынан кетіп қалуы мүмкін. 7-20-25 бағдарламасымен банктердің басқа ипотекалық бағдарламалары ешқандай бәсекелесе алмайды", дейді "Қазақстанның орнықтылық қоры" АҚ менеджері Айбар Олжаев.

Қордың мәліметінше қазір бағдарламаға 7 банк қатысады. Олар жыл басынан бері 11,2 млрд қарыз берген. Бұл алғашқы 3 айға берілген қаржының 47%.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу