80-ге жуық кәсіпкер жұмыссыз қалуы мүмкін

449

Шымкентте 80-ге жуық кәсіпкер жұмыссыз қалудың аз-ақ алдында тұр. Өйткені олардың сауда нүктелері орналасқан жерді қала билігі саябаққа айналдыруды ұйғарған.

80-ге жуық кәсіпкер жұмыссыз қалуы мүмкін

Алайда, бірнеше жылдан бері сауда-саттық жасап отырған бизнес иелерінің жағдайын ескермеген сыңайлы. 

Бүгінде тіршілігі қызу бұл сауда нүктелерінің қашанға дейін жұмыс істейтінін тұтынушылар тұрмақ сауда иелерінің өздері де білмейді. Ал, әкімдік жіберген хабарлама бойынша бұл нысандар биылдан қалмай сүріліп орнына жұрт демалатын саябақ салынуы керек. Егер олай болса 8 жылдан бері осы жерден жан бағып жүрген 80-ге тарта кәсіпкер далада қалмақ. 

"Біз көп жылдар бойы осында сауда жасаймыз. Ешкімнен ешнәрсе сұраған емеспіз. Өз арбамызды өзіміз сүйреп келеміз. Осы кәсібімізді дамытамыз деп несие алғанбыз. Оны кім төлейді? Саудамыз тоқтап жұмыссыз қалсақ отбасымызды кім асырайды?", дейді Кәсіпкер Светлана Братчикова.

Бұл орынға талас осыдан он жыл бұрын басталған. 2012 жылы жоғарғы соттың шешімімен жер телімі кәсіпкерге беріледі. Соған қарамай әкімдік жерді қаланың бас жоспарына саябақ орны ретінде енгізіп жібереді. Ол туралы кәсіпкерге хабарлама келмеген. Содан бес жыл өткен соң жер иесі әкімдіктен құрылыс салуға барлық рұқсаттарды алады. Ал жұмыс басталғанда бас жоспарға сәйкес қала әкімінің жер телімін алып қою туралы жаңа қаулысы шығыпты. 

"Мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жерге соның бағасы беріледі. Арнайы лицензиясы бар компания оценка жасайды. Бағасын береді да ақшасын төлейді. Келіспеген жағдайда сондай жер беруі мүмкін", дейді Қалалық сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Ержан Нұразханов.

Бірақ қала орталғында кәсіпкерлерге берілетін жер жоқ. Тек шеткі аумақтардан ғана берілген. Оған бизнес иелері келіспей отыр. Берілетін өтемақының мөлшерімен де келіспейді. Айтуларынша әкімдік кәсіпкерлердің меншігіндегі дүниелерді нарықтағы бағаның тең жартысына бағалаған. 

"Мәселен менде жұмыс істеп тұрған 3 бизнес ғимараты бар. Шамамен  620 шаршы метр. Оның қазіргі құнын 700 млн теңге шамасында. Соны 438 млн теңгенге бағалап отыр. Одан бөлек адамдардың жұмыссыз қалатынын ескеріп те отырған жоқ", дейді Кәсіпкер Дина Қолдасова.

Қала әкімдігінен көңілі қалған кәсіпкер енді жер теліміне лайықты өтемақы алу құқығын сот арқылы қорғауға ниетті. Сот отырысы алдағы күндері басталады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу