banner

Әлеуметтік көмек алатын борышкерлер соттан тыс банкроттық рәсімдей алады

3 наурыздан бастап борышкерлер банкроттықтың үш процедурасының бірі қолдана алады.  

Әлеуметтік көмек алатын борышкерлер соттан тыс банкроттық рәсімдей алады Фото: Егемен Қазақстан

Алматы қаласы бойынша МКД басшысының орынбасары Заңғар Шындали Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте жеке тұлғалардың банкроттығы бойынша жаңашылдықтарды түсіндірді.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы "Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы" ҚР Заңына қол қойды, ол банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдында мерзімі өткен берешегі бар және ЖК ретінде тіркелмеген борыштардың басқа да түрлері бойынша ҚР азаматтарының төлем қабілетсіздігіне байланысты туындаған қатынастарды реттеуді көздейді.

 "Бұл Заң ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Қарызы бар азаматтар 2023 жылдың 3 наурызынан бастап банкроттыққа өтініш бере алады", - деп хабарлады спикер.

Заңды іске асырудың мақсаты азаматтардың борыштық жүктемесін азайту болып табылады.

Айта кету керек, заңның қабылдануы берешек несиелерін есептен шығару акциясы емес, бұл бірқатар салдары бар соңғы шара болып табылады.

Қарыз сомасына қарай борышкерлерге банкроттықтың үш рәсімінің бірі – сот банкроттығы, соттан тыс және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру қолданылады.

Алматы қаласы бойынша МКД басшысының орынбасары  барлық үш процедураны тек борышкердің өзі анықтайтынын, яғни несие берушінің борышкерге қатысты аталған процедураларды қолдануға құқығы жоқ екенін атап өтті.

Мәселен, алғашқы түрі - соттан тыс банкроттық. Ол банктер, МҚҰ және коллекторлық агенттіктер алдындағы 1600 АЕК-тен (5,5 млн теңге) аспайтын, 12 (қатарынан) ай ішінде өтелмеген борыштар бойынша ғана қолданылады. Сондай-ақ келесі шарттар сақталады:

  • ортақ меншіктегі мүлікті қоса алғанда, мүліктің меншік құқығында болмауы;
  • борышкерге қатысты өтініш берілген күні 7 жыл ішінде соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылмаған;
  • борышкер мерзімі өткен берешекті реттеу бойынша шаралар қабылдады.

Соттан тыс банкроттыққа 5 жылдан астам берешегін өтемеген тұлғалар да жүгіне алады.

Бұл ретте, жоғарыда аталған шарттар мұндай борышкерге қолданылмайды.

Алты ай бойы әлеуметтік көмек алатын борышкер осы рәсімді қолдануға өтініш бере алады.

Соттан тыс банкроттықты Мемлекеттік кірістер органдары қарайды.

Кредиторлар тізбесін, берешек сомасын, сондай-ақ банкпен немесе микроқаржы ұйымдарымен борышты реттеу туралы құжаттарды қоса бере отырып, "электрондық үкімет" порталы, "E-salyg Azamat" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беру арқылы іске асырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу