Сондай-ақ банк мобильді қосымшаларын және криптовалюта биржасындағы аккаунттарды өз атына тіркегені анықталды. Кейін бұл құралдар қылмыстық схемада пайдаланылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
78 жастағы Астана қаласының тұрғыны өзін мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған телефон алаяқтарының сөзіне сеніп, ақшасын сақтап қалу сылтауымен өзінің жинақ қаражатын алаяқтардың есепшоттарына аударған. Сонымен қатар олардың нұсқауымен алтын әшекейлерін сатып, одан түскен ақшаны да алаяқтар көрсеткен шоттарға жіберген.
Полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақшасы түскен банк шоттарының иелерін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорданың 19 және 21 жастағы екі тұрғыны ұсталды.
Ұсталғандардың бірінің банк шотына қылмыстық жолмен алынған 1 миллион теңге, ал екіншісінің шотына 2,5 миллион теңге түскені белгілі болды.
Күдіктілерге қатысты дропперлік фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
"Жеке банк карталарының деректемелерін, растау кодтарын, мобильді банк қосымшаларының логині мен құпиясөзін бөгде адамдарға бермеу керек. Жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға беру арқылы сіз қылмысқа сыбайлас қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін", – деп ескертеді полиция өкілдері.