Атырауда масаны улауға "Мистраль" қолданыла бастады

949

Уытты болғандықтан оны өзге препаратпен араластырып, аз мөлшерде ғана шашу керек.

Атырауда масаны улауға "Мистраль" қолданыла бастады

Қазіргі уақытта облыс орталығын жаппай масаға қарсы улаудың жетінші сатысы жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жылдан-жылға бұл жұмыс күрделене түскен. Өйткені, адам қанымен қоректенетін қансорғыш экологияның кез-келген жағдайына тез бейімделеді. Соның салдарынан, маса улауға арналған дәрілік заттарды үнемі өзгертіп отыруға тура келеді екен. Мәселен, соңғы 4-5 жыл бұрын масаны дәрілеуге "Циперметрин", "Солфак" секілді препараттар қолданылса,  қазір олар күшін жойған. Ал 2018 жылдан бастап, ресейлік "Медилисципер" препараты пайдаланылды. Алайда, кейіннен бұл дәрілік зат та әсер етпеуге айналған. Себебі, масалар улы заттарға әбден бейімделіп алыпты. Сондықтан жаңа "Мистраль" препараты қолданысқа енуде.

"Бүгінде, жаңа препараттың экологияға әсерін зерттеп жатырмыз. Олай дейтініміз, "Мистраль" дәрісінің уыты қатты, көп көлемде қолдануға болмайды. Сол себепті, оның көлемін азайтып, тиісінше бұрын қолданыстағы "Бомбей" препаратымен араластырдық. Соңғы аптада бұл дәрілік зат тәжірибеде оң нәтиже көрсетті. Қазіргі уақытта, жаппай улаудың жетінші сатысында жүрміз, әлі үш кезеңі бар. Масаны улау екі түрге бөлінеді. Біріншісі, дәріні түтіндету, екіншісі сумен араластырып буландыру. Қолданыстағы дәрілердің күші басым болғандықтан, түтіндетіп улау экологияға қауіп тудырады. Соңғы жылдары су арқылы буландырып шашуды қолға алып отырмыз", – дейді биолог-энтомолог маман Айнагүл Дәулетиярова.

Мамандар соңғы жылдары масаны жоюдың табиғи жолы жоқ деп дабыл қағуда. Өйткені, масаны азық ететін бақа, инелік сынды жәндіктер жойылып барады. Соның салдарынан, қансорғыштардың қатары жылдан-жылға өсіп келеді.

Айта кетейік, қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне қарасты "AG Disinfection services" мердігер мекемесі дезинсекциялық жұмыстарды наурыз айында бастаған. Содан бергі мезгілде 1188 көпқабатты тұрғын үйдің жертөлелері мен кіреберістері масадан тазартылып, ашық су айдындары залалсыздандырылды.

Құралай Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу