Мамандардың пікірінше, көз дәрігерлері ешуақытта жұмыссыз қалмайды. Әлемнің қай елінде болсын, офтольмолог дәрігерлердің үлесі көбейеді екен. Оған бірқатар себептер де бар. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының есебі бойынша жасы қырықтан асқан адамдардың 2 пайызы су қараңғы (глаукома) кеселімен ауырады. Ұйымның деректеріне сүйенетін болсақ, 7 миллионға жуық адам осы ауруға шалдыққан, сондай-ақ, 2030 жылға дейін бұл көрсеткіш, екі есе артады деген қауіп бар, деп жазады egemen.kz.
Алдын ала қаралып, емделмеген жағдайда суқараңғылық кеселiне ұшыраған адамдар орта есеппен 4-6 жыл аралығында зағиптыққа душар болады. Үкiмет осы мәселенi қаперге ала отырып, әлеуметтiк маңызы бар аурулардың қатарында 2011 жылдан бастап глаукома кеселiн скринингтiк тәсiлмен анықтайтын аурулар тiзiмiне енгiзген. Бұл кеселдің тағы бір жаман жері көздің ішкі қысымы жоғары болған адам кей жағдайда көзінің ауырғанын білмейді. Бастапқы сатысы үн-түнсіз жүреді. Сондықтан мұны анықтау үшін міндетті түрде жасы қырықтан асқан адамдар 1 жылда бір рет міндетті түрде көз қысымын өлшетіп тұруы тиіс.
Облыстық офтальмологиялық аурухананың бас дәрігері Дулат Үдербаевтың айтуынша, қазіргі таңда су қараңғы ауруымен облыста 7916 науқас есепте тұр. Көздің ішіндегі бұршақтың қартаюы (катаракта) да белең алып келеді.
"Біздің жас кезімізде, осыдан қырық жыл бұрын, бұл кесел көбінесе алпыстан асқан адамдарда кездесетін еді. Қазір 40-50-ден асқандарда кездесуде. Яғни, катаракта кеселі жасарып келеді. Не себепті? Біріншіден, қазір экология өзгерді. Тамаққа химиялық заттар қосылды. Сондықтан зат алмасу процесіне байланысты көз ерте қартаяды. Қартайған соң ағарады. Екіншіден, ауадағы озон қабаты бірте-бірте жұқаруда, кей жерлері тесіліп жатыр. Бұл ультракүлгін сәулелерінің түсуін көбейтеді. Офтальмология ғылымының тағы да бір өзекті мәселесі осы", – дейді бас дәрігер.
Өте өткір тұрған мәселелердің тағы бірі – балалар арасында, медицина тiлiмен айтқанда, миопия немесе жақыннан көргiштiк кеселiнің өсуi. Бұл ауру мектепке баратын балалардың 5 пайызында кездеседi. Демек, бiлiм беру мекемесiне бiрiншi сыныпқа барған 100 баланың бесеуi көзiлдiрiк тағады. Ал, олар мектеп бiтiрген жылы бұл көрсеткiш 35 пайызға дейiн өседi. Бұл ғылыми-техникалық прогресс пен жаңалықтардың өтеуi iспеттi.