Декреттегі және табысы азайған қазақстандықтар несие төлемін кейінге шегере алады

410

Өтінімді мерзімі өткен күннен бастап 30 күннен кешіктірмей жазған жөн. 

Декреттегі және табысы азайған қазақстандықтар несие төлемін кейінге шегере алады Фото: inbusiness.kz

Декреттегі және табысы азайған қазақстандықтарға несие төлемін кейінге шегеруге рұқсат берілуі мүмкін. Қаржы нарығын реттеу агенттігі тиісті заңнамаларға осындай өзгеріс енгізбекші, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жобаның құжаты Ашық үкімет порталында жарияланған.

Қаржы нарығын реттеу агенттігі өмірдің әр түрлі қиын жағдайына тап болған адамдардың 9 санатына жеңілдік берілетінін хабарлады. Атап айтқанда, әскерге алынғандар, декретке шыққандар, әлеуметтік осал топтарға жататындар, табысы қысқарғандар, жұмыссыз ретінде тіркелгендер осы мүмкіндікті қолдана алады. Ал, реттеушінің несиені қайта құрылымдау туралы талабын елемеген кредиторларға жаза қолданылады.  

"Біздің жобамызда аталған жағдайларға түсіп қалған борышкерлерге банк кредит төлеуді 3 айға кейінге шегеруі керек. Немесе борышкермен келісе отырып, басқа мерзім ұсына алады. Ол үшін борышкер өз банкіне хабарласып, тиісті құжаттар өткізген жөн. Егер банк бас тартса, шектеу шараларын қолдана аламыз. Санкциялар мен айыппұлдар саламыз", - деді ҚР ҚНРДА Тұтынушылар құқын қорғау жүйесін дамыту басқармасының басшысы Бэлла Чиканова.  

Егер несиені уақытында төлеу мүмкін болмаса, несие алған кредиттік ұйымға ресми өтінім жазу керек. Өтінімді мерзімі өткен күннен бастап 30 күннен кешіктірмей жазған жөн. Құжатта кредитті төлей алмау себебі және шарттарды өзгерту бойынша нұсқаларды көрсету қажет.

Айта кетейік, сәуірдегі жағдай бойынша банк секторындағы 90 күннен артық төленбеген қарыздың көлемі 847 млрд теңгеге жеткен. Бұл несие портфелінің 3,5 пайызы. Ал, жыл басында 30 млрд теңгеге аз болатын. Жұмыс істемейтін несиені провизия есебінен жабу көрсеткіші жоғары, 80 пайыздың төңірегінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу