Депутат санитарлардың жалақысын 2 есе көтеру туралы ұсыныс тастады

274

Деректер бойынша санитарлардың жалақысы — 90 мыңның шамасы. Тіпті кереметтей үстемақы қосқанның өзінде 100-120 мыңнан аспайды. 

Депутат санитарлардың жалақысын 2 есе көтеру туралы ұсыныс тастады Фото: freepik

Мәжіліс депутаты Таңсәуле Серіков осы қызметкерлердің жалақысын кем дегенде 2 есе көтеріп, жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама беру туралы ұсыныс білдірді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Ең ауыр жұмыстарды атқаратын қызметкерлердің, хирургиядағы санитарлардың жалақысы өте аз. Деректер бойынша 90 мыңның шамасы. Тіпті кереметтей үстемақы қосқанның өзінде 100-120 мыңнан аспайды. Неге? Себебі олар кіші медициналық персонал! Сонда әділдік қайда? Биылғы жаңа жылдан бастап 25 пайыз қосылды деді, бірақ ол 5-6 мыңды ғана құрайды. Оның өзінде ол ақша әлі бөлінбеген. Иә, ем жасайтын дәрігерлердің еңбегі бар, бірақ ауыр жұмыстар атқаратын осы қызметкерлердің еңбегі неге бағаланбайды? Ауылдық жерлердегі осы санаттағы қызметкерлерге ауылдық квота мүлде қосылмаған", — деді депутат.

Мысалы, Германияда Қазақстандағы санитарлардың функционалдық міндеттерін медбикелердің көмекшілері (ассистенттері) орындайды. Мұндай мемлекеттік сектор қызметкерлерінің жалақысы 1800-ден 2600 еуроға дейін құрайды, бұл теңгемен есептегенде 900 мыңнан 1 млн 300 мың теңгеге дейін жетеді.

"Германияның мемлекеттік бюджетінің деңгейі Қазақстанның республикалық бюджетінің деңгейімен салыстыруға келмейтіні түсінікті. Алайда, Қазақстанда жұмыс істейтін азаматтарға көңіл бөлінбейінше, біз еңбекке қабілетті халықтың шетелге тез кетуін байқайтын боламыз.

Және де санитар атауын медбикенің көмекшісі немесе ассистенті атауына өзгерту керек деп санаймын. Себебі, санитар дегенде қоқыс жинап, тек тазалық жұмысын атқаратын сияқты көрінеді. Керек десеңіз санитарлар уколын да салып, берілген дәрісін де ұсынып медбике қызметін де атқарады.

Медицина қызметкерлерімен қоян-қолтық бірге қызмет етіп жүрген қызметкерлердің еңбек ақысы ерекше төмен болуы естір құлаққа ұят, олардың еңбекақыларын көтеруге жасап жүрген қызметі лайықты деп санаймын. Жоғарыда айтқан мәселелер бойынша ұсынамын: 

1. Осы қызметкерлердің жалақысы кем дегенде 2 есе көтерілсін.

2. Жылына бір рет санаториялық профилактикалық орындарға жұмыс беруші есебінен жолдама берілсін.

3. Пәтер алу үшін жалақысын ескере отырып, жеңілдетілген несие берілсін", — деп түйіндеді Т. Серіков.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу