Депутат су тасқыны кезінде жауапкершіліктен қашқандарды жазалауды ұсынды

156

Сөзінше, тасқыннан зардап шеккендер өз шығындары қалай өтелетінін білмей дал. 

Депутат су тасқыны кезінде жауапкершіліктен қашқандарды жазалауды ұсынды Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов су тасыған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды қарастыруды ұсынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Тосыннан келген топан суды қанша жерден табиғи құбылыс десек те, апатқа кінәлі адами салғырттықтар да бар. Дәлелімен айтсақ, Атырау облысы мен Құлсары қаласының маңынан заңсыз салынған су бөгеттері, жергілікті биліктің көктемгі су тасқынына әлсіз әзірленгені, сын сағатта абдыраған жұрттың әрекетін үйлестіре алмауы да осындай салдарға әкеліп соқты. Жергілікті билік пен жауапты министрліктер оған дейін дабыл қаққан әріптестерімнің депутаттық сауалдарына бей-жәй қарағаны да бұл апаттың бір себебі деуге әбден болады. "Бөренеден аттаймыз" деп есеп беріп, сіріңкеге сүріне беретін мемлекеттік органдардың шалағайлығы жауапқа тартпаса жалғаса береді ғой", - деді мәжілісмен депутаттық сауалында.

Президент айтқандай, жауапкершілік алудан қашып, жұмысты бір-біріне сілтеп отыратын қызметкерлер мен жергілікті ірі компаниялар әрекеттері жазалануы тиіс, деп жалғастырды ол.

"Екіншіден, апат салдарынан зардап шеккен халық өз шығындарының қалай есептеліп, қалай өтелетінін әлі де толық білмейді, өйткені, шаралардың нақты алгоритмі жасалмаған, комиссия қалай құрылып, қалай жұмыс жасайтыны жайлы халыққа дұрыс хабарланбаған. Сол себептен комиссия жұмысын жеңілдетіп, халықпен тікелей байланыстыру мақсатында оның құрамына ел сеніміне ие болған жергілікті белсенді азаматтарды қосу керек деп есептейміз", - деді Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов.

Мәжілісмен апат болған аймақтардың тұрғындарына уақытша несиелік каникулдарды жан-жақты қарастыруды, баспанасынан айырылған азаматтарды оңтайлы орналастыруды жеделдетуді сұрады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу