Депутаттар фермерлерді салықтар мен төлемдердің барлық түрінен босатуды ұсынды

1162

Халық қалаулылары Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына тиісті депутаттық сауал жолдады. 

Депутаттар фермерлерді салықтар мен төлемдердің барлық түрінен босатуды ұсынды Фото: Ratel.kz

"Ауыл" партиясының фракциясы ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді салықтар мен төлемдердің барлық түрлерінен босатуды ұсынды, деп жазады inbusiness.kz.

"Оның ішінде, ауыл шаруашылығы өнімін шығару, қайта өңдеу, өткізу, экспорттау, импорттау бойынша айналымдарды қосылған құн салығынан да босату. Бұл – "Ауыл" партиясының сайлауалды бағдарламасында ерекше көңіл бөлінген мәселенің бірі", - деді депутат Қарақат Әбден.

Ол салықтың екі түрлі қызметі барын еске салды. Оның бірі фискалды болса, екіншісі – ынталандырушы. Көп жағдайда ынталандырушы қызмет ескерусіз қалады, деді спикер.

"Еліміздің тұтас ауылшаруашылық саласы, соның ішінде ірі агрохолдингтер барлық салықтарды қоса алғанда жылына шамамен бар-жоғы 50 млрд теңге салық төлейді. Бұл еліміздің бюджетіне түсетін барлық салық түсімдерінің нөл бүтін оннан бес пайызына да жетпейді. Біздің ойымызша, ел экономикасы мұндай салық жетіспеушілігін көтере алады. Ал, дәл осы салықтан босату шарасы ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және сол арқылы шығындардың кіріс ретінде мемлекеттік қазынаға еселеніп қайтуына оң ықпал етеді деп есептейміз", - деді Мәжіліс депутаты.

Халық қалаулысының сөзінше, соңғы үш жылдың ішінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден осы мәселе бойынша 200-ден астам өтініш түскен.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу