Елімізде 25 ауыл картадан жоғалады

437

Қостанай облысында биыл тұрғын саны 50-ден аз 25 ауыл оңтайландырылады.

Елімізде 25 ауыл картадан жоғалады Фото: inbusiness.kz

Яғни, бұл елді-мекендердің атауы картадан жойылып, алдағы уақытта мүлдем босап қалуы мүмкін. Ресейдің 3 облысымен көршілес Тобыл өңірінде ауылдардың халық саны жыл сайын азайып барады. Әлеумет мұны 90-ншы жылдары дұрыс жүргізілмеген мемлекеттік саясаттан көреді.

Болашағы жоқ деп оңтайландыруға іліккен 6 аудандағы 25 елді-мекеннің басым көбі топырағы құнарлы, табиғаты тамылжыған, сулы-нулы ауылдар. Соның 9-ы Қарабалық ауданының аумағында. Өрнек селолық округіне қарайтын 4 ауылдың екеуі осы тізімде.

"Үш жақтан да бізде шекара Ресеймен. 220 адам көшіп кетті. Жыл сайын 10 шақты отбасы көшеді", - дейді Өрнек селолық округінің әкімі Оразхан Қалдаманов.

Тасты Өзек ауылы 1928 жылы Қарабалық ауданының орталығы болған. Бүгінде 90 үйден 5 шаңырақ қана қалыпты. Ал, мына стелланы ауыл тұрғындары өз күшімен тұрғызған. Ауыл атауы картадан өшсе де, ел есінде қалсын деп.

Облыстық мәслихат шешімімен картадан аты өшетін бұл ауылдардың жолы биыл ғана жөнделе бастаған, автобус мүлдем қатынамайды. Ауыз су мәселесі әйтеуір былтыр шешілген. Аудан, облыс орталығына 5-10 мың теңгеге такси жалдауға мәжбүр.  Мектептен бастап әлеуметтік нысандардың жабылғанына 10 жылға таяған. Тіпті азық-түлік дүкені де жоқ.

"Біз мал ұстап қана күн көріп отырмыз. Ешқандай жұмысымыз жоқ. Құр ауылда бір кісі орманшы болып істейді. Басқасының бәрінде жұмыс жоқ", - дейді Тасты Өзек ауылының тұрғыны Сұлушаш Ержанова.

Болашағы жоқ ауылдарда зейнеткерлер мен зейнет жасқа таяғандар ғана мекен етіп жатыр. "Үдіре көшу колхоз, совхоз жерлерін жекеменшікке өткізуден басталды" дейді ел азаматтары. Егістіктерді мемлекет ауыл тұрғындарына пайға бөліп берілген.

"Жер бөлініп кетті ғой, жер бөлінген кезде Сан Агро бізге келді де давай айда сендерді көтерем неғылам деді де пайды жинап алды, содан кейін техниканы ақырындап жинап алды. Сонымен кетті бәрі де. Содан бәрінен айырылдық", - дейді Тасты Өзек ауылының тұрғыны Ғалымжан Сералин.

Бұрын ауыл маңындағы жерлердің астығынан түскен пайда сол елді мекенді көркейтуге жұмсалған. Бүгінде санаулы кәсіпкерлер қызығын көріп жүр. Озық технологиялы техникалар бірнеше адамның қызметін жалғыз атқарып, көпшілікті жұмыссыз қалдырып жатыр екен. Осыған орай биыл облыстағы 517 ауылдық елді мекеннің саны 25-ке қысқармақшы

"Бұл ауылдарда соңғы 3 жылдан бері 50-ден аз адам тұрады. Көшу процесі әлі жалғасуда. Сарыкөл ауданындағы Мелитополь ауданында 11 адам, Қарабалық ауданы Қарашакөл ауылында 19 адам тұрады", - дейді Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Жұматай Төкенов.

Урбанизация әлемдік үрдіс екені рас. Еліміздегі 6300 ауылдың 500-інде тұрғындар саны 50-ден аз. Олар да ел заңына сай жабылулары тиіс. Мемлекет тек болашағы бар ауылдарды сақтап қалуға күш жұмсап отыр. Биыл бұл мақсатқа 200 млрд теңге бөлген.

"2027 жылға дейін 100 пайыз барлық ауылдық елді мекендер ауыз сумен, 97 пайызы интернет желісімен. 95 пайызы нормативке сәйкес келетін жолдармен қамтылуы тиіс", - дейді Ұлттық экономика министрлігі Департамент директорының орынбасары Миржан Иманбаев.

Сарапшылар ойынша, ауылдарды сақтап қалу үшін инженерлік салаға көңіл бөлу аздық етеді.

Ал, ауыл тұрғындарының сөзінше жер жалқыға емес жалпыға берілсе ауыл көркейеді. Әрі, қарапайым тұрғындардың мал шаруашылығымен айналысуына мемлекеттік гранттар қаралуы тиіс дейді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу