Инженерлік инфрақұрылымның болмауы елордадағы баспана құрылысын тежеп отыр – сарапшылар

403

2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында елордада тұрғын үйді пайдалануға беру 26,2%-ға, 2,4 млн шаршы метрге дейін төмендеді. 

Инженерлік инфрақұрылымның болмауы елордадағы баспана құрылысын тежеп отыр – сарапшылар Фото: Zakon.kz

Салыстырар болсақ, бұл көрсеткіш 2021 және 2020 жылдары тиісінше 3,2 млн және 3,1 млн шаршы метрді құраған. Бұл қаладағы тұрғын үй құрылысының халық сұранысын қанағаттандыру үшін тез дамымай жатқанын, кей жағдайда тоқырауда тұрғанын көрсетеді, деп жазады inbusiness.kz energyprom.kz порталына сілтеме жасап.

Оған қарамастан мемлекет құрылысқа қатысты шектеулер енгізуді жоспарлап отыр. Мысалы, елорда әкімі Жеңіс Қасымбек кәсіпкерлермен өткен кездесуде биыл 1 қаңтардан бастап тұрғын үйді жобалау үшін техникалық шарттар беруге жаңа ережелер мен тыйымдар барын атап өтті. Қала басшысы мұны инфрақұрылымның жүктемесімен, халық санының тез өсуімен байланыстырады.

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, бүгінде қалада бір тұрғынға шаққанда тұрғын үймен қамтамасыз етілу деңгейі 30,5 шаршы метр деңгейінде тұр. Бұл көрсеткіш Ұлттық статистика бюросының әдістемесі бойынша тұрғын үй-жайлардың жалпы ауданының оларда тұратын адамдар санына қатынасы ретінде анықталады.

БҰҰ стандарттары бойынша тұрғын үймен қамтамасыз ету параметрі бір тұрғынға жоқ дегенде 30 шаршы метр болуы тиіс. Көптеген елде бұл коэффициент ұсынылған минимумнан айтарлықтай жоғары: Германияда – 39 шаршы метр, АҚШ-та – 69,7 шаршы метр, Ұлыбританияда – 70 шаршы метр.

Ресурстың жазуынша, тұрғын үйге деген қажеттіліктің тағы бір көрсеткіші –  жылжымайтын мүлік бойынша кезекте тұрғандардың саны. Бүгінгі таңда елорда бойынша 47 мың адам баспана кезегінде тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу