"ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында "Қаражанбасмұнай қызметінің мәселелеріне арналған кеңес өткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Қосымша мұнай өндіру көлемін қамтамасыз ету үшін кәсіпорында мұнай алу коэффицентін арттыруға бағытталған шаралар қолға алынды. Айталық, кен орынның Теңіз жағалауы аймағында жаңа ұңғымалар игеруге енгізіліп жатса, Шығыс учаскесінде бу мен суды кезектесіп айдаумен бірге бу-жылу арқылы әсер ету технологиялары іске қосылуда.

Бұл шаралар полимерлі су айдау және бүйірлік оқпандарды бұрғылау әдістерімен қатар мұнай өндіру көлемін арттыруға ықпал етеді.
Мұнай алуды одан әрі ұлғайту мақсатында қиын жерлерде орналасқан, көлденең аяқталатын төрт ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жоспарланып отыр. Осы ұңғымалардың біреуі Теңіз жағалауы аймағында бұрғыланады.
Жағалау аймағын дамыту – ресурстық базаны толықтыруға бағытталған жобалардың бірі. Оны іске асыру геологиялық қор көлемін 12 млн тоннаға дейін, ал алынатын қорды 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта учаскеде 30 ұңғыма, оның ішінде 8 бағалау және 22 пайдалану ұңғымасы бұрғыланды.
Компанияда цифрлық шешімдер жүйелі түрде енгізіліп келеді. 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚБМ-да "Сапарларды басқару" ақпараттық жүйесі қолданылуда. Оны кәсіпорын автопаркінің жұмысын оңтайландыру үшін ҚМГ мен "KMG Digital" ЖШС бірлесіп әзірледі.
Аса қауіпті жұмыстарға рұқсат беруді автоматтандыру үшін "электрондық наряд-рұқсат" жобасы іске қосылды, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтардың алдын алу үшін TUMAR бейнеталдау жүйесінің ауқымы кеңейіп жатыр.