2025 жылғы 22 сәуірде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінде ҚР Парламенті депутаттарының қатысуымен және министрліктің бастамасымен ұйымдастырылған киік популяциясын тұрақты басқару тақырыбында дөңгелек үстел өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Дөңгелек үстел аясында киіктер санының артуы жағдайында биологиялық әртүрлілікті сақтау, ауыл шаруашылығы өндірушілеріне келетін залалды азайту, сондай-ақ популяцияны басқарудың ғылыми негізделген әрі әлеуметтік жағынан қолайлы тәсілін қамтамасыз ету мәселелері қарастырылды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігі киік популяциясының қазіргі жай-күйі, қорғау шаралары, трансшекаралық ынтымақтастық және мониторинг жүйесі туралы баяндама ұсынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерді мемлекеттік қолдау шараларын, оның ішінде қоршауларды субсидиялау, жабайы жануарлар келтірген зиянның орнын толтыру және эпизоотиялық мониторинг мәселелерін баяндады.
Ғылыми қауымдастық өкілдері популяцияны басқару бойынша ғылыми тәсілдермен, есеп жүргізу әдістерімен, миграцияны модельдеумен және оңтайлы санды айқындау жолдарымен бөлісті. Сондай-ақ халықаралық міндеттемелерді сақтау, ресурстарды тұрақты пайдалану мүмкіндіктері, оның ішінде жартылай еркін ұстау элементтері бойынша ұсыныстар айтылды.
Халықаралық табиғатты қорғау одағы (ХТҚО) аңшылық жануарларды ақылға қонымды және таусылмайтын (тұрақты) пайдалану табиғатты қорғау қағидаттарымен үйлесімді ғана емес, сонымен қатар олардың іске асуына ықпал ете алатынын бұрыннан мойындаған. Себебі жабайы жануарларды осылайша пайдалану арқылы алынатын әлеуметтік-экономикалық пайда мақсатты түрлер мен олардың мекендеу ортасын қорғауға ынталандыру тудыра алады (ХТҚО Түрлердің өмір сүруі жөніндегі комиссиясы – 2012 ж.).
Киіктердің санының қалпына келіп, тарихи максимумдардан асып түсуіне, жергілікті қауымдастықтар мен киіктер арасындағы қақтығыстың жыл сайын ушығуына байланысты киіктерді тұрақты пайдалану қажеттілігі туындап отыр. Бұл тәсіл – сұранысқа ие, ғылыми және экономикалық тұрғыдан негізделген, әрі халықаралық сарапшылар қауымдастығы тарапынан қолдау табуда.