Көпқабатты баспана тұрғындары мен кәсіпкерлер арасында дау-дамай көбейді

493

Қостанайда көпқабатты баспана тұрғындары мен бизнес өкілдері арасында дау-дамай көбейді.

Көпқабатты баспана тұрғындары мен кәсіпкерлер арасында дау-дамай көбейді Фото: baq.kz

Пәтер иелері аулаға кіре берістерге шлагбаум орнатып тастаған. Бұл тосқауыл бірінші қабатқа жайғасқан кәсіпкерлердің жұмысына кедергі. 

Бұл 250 пәтер орналасқан көпқабатты үй тұрғындары мен кәсіпкерлер арасындағы күнделікті жағдай. Аулаға кіреберістерге шлагбаум орнатқалы, араларындағы дау ушығып барады. 

"Тұрғындар бізге айтпастан шлагбаумдар орнатып, оның пультін сатпай қойды. Дүкенге күрделі жөндеу жұмыстарын жасағанда қоқыс тиейтін көлікті ішке кіргізе алмадық. Ақыры полиция шақырттық", дейді Кәсіпкер Әлия Сүлейменова.

Тұрғындардың сөзінше, бұл екінші шлагбаум. Алғашқысының кілттерін кәсіпкерлерге берген. Алайда, олар аулаға өздерімен қоса, өзгелерді де кіргізіп, дұрыс ашып-жаппай, сындырды деп айтыптайды. Мұндай тосқауылды аула  тазалығы мен балалардың қауіпсіздігі үшін орнатқан.

"5-6 жастағы балалар аулада алаңсыз ойнайтын болды. Бөгде адамдарды кіргізбейміз. Тосқауыл болмағанда жеткізіп берушілер мен тасымалдаушылар, небір көліктер аулада толып қалады. Көлігімізді қоятын орын да қалмайды", дейді Тұрғын Дарья Дәндібаева.

Бірінші қабатта орналасқан бизнес өкілдері үйлердің сырт жағында көлік қоятын бос орын боламаса аула ішіне кіруге мәжбүр. Ал, пәтер иелері бұған қарсы. Алайда, балапаны үшін шырылдаған ата-ана құқығы заңмен қорғалмапты. 

"Мұндай жағдайда алдымен санитарлық-эпидемологиялық заңға жүгіну керек. Егер бұл заң бойынша жеткізіп беруші, тасымалдаушылардың аулаға кіруіне еш кедергі болмаса тұрғындардың қарсылығы жөнсіз.  Кондоми́ниум  бойынша аулаға кіріп-шығуға бәрінің хақы тең", дейді Заңгер Евгений Яворский. 

Соңғы уақытта Қостанайда ауласын кәсіпкерлерден аулақ ұстағысы келетіндер көбейіп барады. Екі жақтың теке-тіресіне заңмен нүкте қою қажет.  Мына шлагбаумның пультін бермеген пәтер иелерін  кәсіпкерлер сотқа бермекші. Алайда, 250 пәтер иесімен соттасып жүру мүмкін емес.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу