banner

Медициналық сақтандыру қорының жұмысын Жоғары аудиторлық палата қадағалайды

629

Өйткені ақша көп айналған жерде жемқорлық та дендеп тұр.

Медициналық сақтандыру қорының жұмысын Жоғары аудиторлық палата қадағалайды Фото: inbusiness.kz

Елді дүрліктірген медициналық сақтандыру қорының жұмысы енді майшаммен қаралады. Жоғары аудиторлық палата толықтай тексеріс жүргізіп, бұл істі жіті қадағаламақшы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Өйткені ақша көп айналған жерде жемқорлық та дендеп тұр. Қор басшылығы мен министрлік өкілдері істі алға бастырмай отырған фактордың бірі осы,- деп отыр.

Міндетті әлеуметтік сақтандыру 2020 жылы пандемия алдында енгізілді. Сол уақыттан бері басынан бұлт арылмады. "Қорға ақша аударамыз. Бірақ, сапалы медициналық қызмет жоқ", деп дүрлігеді жұрт. Кезегі келіп болмағандар ақыры ақылы жерге барып қаралады. Бірақ, осының артында негізгі 3 мәселе бар, дейді жауаптылар.

Әуелгісі. Індетпен арпалысып жүріп, жүйені жетілдіруге уақыт болмады. Цифрландыру деңгейі тым төмен. Демек, бақылау жоқ. Ал мұндай ұрымтал сәтті ұрылар жақсы пайдаланып отырған көрінеді.

"Үлкен ақша бар жерде үлкен мүдде бар. Бұл дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, көрсетілген қызмет құнын асыра бағалау, артық тұтыну және т.б. Теріс әрекеттердің барлығы бақылаудың жеткіліксіздігі мен цифрландыру деңгейінің төмендігінен болып отыр. Бүгінгі таңда Қор барлық көрсетілетін медициналық қызметтердің 10 пайызын ғана бақылайды. Соған қарамастан 2022 жылдың соңына қарай қор 20,8 миллиард теңге сомасына 3 миллионнан астам бұзушылықты анықтады", - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметов.

Халық онша-мұнша пайда көрмеген соң, міндетті әлеуметтік сақтандыру қорының қажеттілігі жоқ деген пікірлерді үдетті. Депутаттар да проблеманы түрлі мінберде көтеріп жүрді. Бірақ саланы мәжілісмендер жетік біледі деп айту қиын. Мәселен депутаттың бірі пайдаланбағандарға қор қаржысының 50 пайызы қайтарылсын деген мәселені қозғады.

"Оның бәрін осылай қайтарсақ, қай жерден көмек алады? Ақылы емделуге жеке қаражаты жете ме? Отасы 10 млн теңге болса, оны қайдан төлейді? Бұл жерде "әлеуметтік" деген сөзден құралып отыр," - дейді "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" КЕАҚ басқарма төрағасы Сәбит Ахметов.

"Дүниежүзінде мұндай сақтандырудың бірнеше түрі бар. Бірақ жекеленген шоттар, жекелеген салымшыларға ақшаны қайтару деген тәжірибе жоқ. Тек Сингапурде жекелеген шоттар бар. Ол өте бай мемлекет екенін өздеріңіз білесіздер. Жекелеген шоттағы ақшаны өзіне ғана жұмсау, жұмсамаса қайтару деген тәжірибе сол мемлекетте ғана бар. Қалған мемлекеттердің бәрінде ынтымақтастықтың арқасында қаражаты бар адамдар кедейлер үшін төлейді, сау адамдар ауру адамдар үшін төлейді. Біздің де әлеуметтік сақтандыру жүйеміз тура дамыған мемлекеттер сияқты осындай принципке негізделген. Қайтару механизмі жоқ", - деді ҚР Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Тимур Сұлтанғазиев.

Жалпы, қор жұмысы оңай емес көрінеді. Шыдамағандардың әрбір бесіншісі кетіп тынады. Орташа жалақы - 450 мың теңге. Жұмыс жүктемесін ескерсек бұл сома аз, дейді қор басшылығы.

Былтыр қызметкерлерді ұстауға 9 млрд теңге жұмсалған. Жалпы дауы көп мекемені енді Жоғары аудиторлық палата қадағалайды. Кіріс-шығыс жіті бақылауға алынады. Әйтсе де цифрландыру жүйесі енгізілмей, мәселе шешімін таппайтыны белгілі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу