Мойынқұм ауданы қашан толықтай газдандырылады?

832

Кейінгі жылдарда Жамбыл облысында газдандыру ісі қарқынды жүргізілуде. 

Мойынқұм ауданы қашан толықтай газдандырылады? Фото: Inbusiness.kz

Мәселен 2023 жылы 9,5 миллиард теңгеге 36 елді мекенде газдандыру құрылысы іске асырыла бастаған. Нәтижесінде былтырғы жылы 11 елді мекен табиғи газға қосылып, облыстың газбен қамту деңгейі халық санымен 91,1 пайызға жетіпті. Қалған 25 елді мекендегі құрылыс жұмыстары биыл аяқталады деп күтілуде.

Бүгінгі таңда облыста тек Мойынқұм ауданы ғана толықтай газдандырылмай отыр. Мойынқұмдықтардың арқасына аяздай батқан мәселе талай уақыттан бері жазыла-жазыла жауыр, айтыла-айтыла ақжем болған тақырыпқа айналды. Алайда көгілдір отынға қатысты түйткілдің түйіні тарқайтын емес.

Жуырда аудан тұрғындарының көкейінде жүрген сұрақты Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқарма басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Мәулен Қожақовқа қойып, өңірді газдандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен таныстық.

"Облыстың газдандырылмаған қалған 86 елді мекеніне қайта талдау жүргізілді. Оның ішінде 25 елді мекенде құрылыс жұмыстары жүруде. 15 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, бюджеттік өтінім тапсырылуда. 13 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 33 елді мекенде халық саны аз болуына байланысты газдандыру кейінгі жылдарға жоспарланған.

Бүгінде облыс бойынша Мойынқұм ауданы ғана толық газдандырылмай отыр (халық саны – 28 663). Ауданды газдандыру үшін кешендік іс-шаралар жоспары жасалған. Бұл ретте бастапқыда 13 елді мекенді (халық саны – 23 334) газдандыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Бірінші кезекте 3 елді мекенді (Айдарлы, Бірлік, Биназар) газдандыру үшін ҚР Энергетика министрлігіне 2024 жылға республикалық бюджетке 18,5 миллиард теңгеге өтінім ұсынылып, құрылыс жұмыстарын бастауға 600 миллион теңге қаралып отыр. Қалған екінші кезең бойынша 8 миллиард теңгеге 6 елді мекенді газдандыру жоспарлануда", - деді Мәулен Рахатәліұлы.

Демек, жуық жылдарда Мойынқұм ауданының тұрғындары да от жағу машақатынан біржола құтылып, көгілдір отынның игілігін көре бастайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу