Оқушылар "көз көгертуді" тоқтатпай тұр

Жыл басынан бері Қызылорда облысында 7500-ге жуық жасөспірім ішкі істер органдарына жеткізілген.  

Оқушылар "көз көгертуді" тоқтатпай тұр Фото: pixabay.com

Полицейлер алкоголь өнімін жасөспірімдерге сатқандарды да анықтап отыр, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Ілияс Жұмағұлов облыстағы ахуалдың тұрақты екенін, салыстырмалы түрде қылмыстар саны азайғанын айтты.

"Қылмыc пен құқықбұзушылықты азайту, олардың алдын алу – бүгінгі күні қоғам алдында тұрған міндеттердің бірі. Жалпы, бүгінгі күні өңірімізде криминогенді және саяси-қоғамдық ахуал тұрақты. Қабылданған шаралардың нәтижесімен жалпы тіркелген қылмыстар 6 пайызға төмендеді. Сондай-ақ, қоғамдық орында, көшеде, топпен, қару қолдану арқылы жасалған қылмыстар саны азайды", - деді ол.

Еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – жасөспірімдер арасындағы қылмыс. Биыл облыста 7427 құқық бұзушы ішкі істер органдарына жеткізілсе, оның ішінде түнгі уақытта заңды өкілінсіз тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 5663 кәмелетке толмағандардың заңды өкілі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Рейдтік іс-шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 131 кәсіпкер және жасөспірімге алкоголь өнімін сатқан 10 сатушы анықталып отыр.

Бұған дейін Қызылорда облысында оқушылардың топтық төбелесінен видеолар көп тараған болатын. 2 күн бұрын тағы қайталанды.

"20 желтоқсан күні сағат 16:10 шамасында 102 арнасына тұрғындардан жасөспірімдердің төбелесіп жатқандығы жөнінде хабарлама тіркелген. Оқиға Қызылорда қаласы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласында болған. Полиция қызметкерлері дереу хабарлама бойынша жетіп, төбелеске қатысқан жасөспірімдерді анықтап, басқармаға жеткізді. Қазіргі таңда аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Қылмыстық іс негізінде тиісті сараптамалар тағайындалды, сонымен қатар құқықтық баға берілетін болады", - деп хабарлады Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Қылмыссыз қоғам орнату мақсатында құқықбұзушылықтың алдын алуды, кәмелетке толмағандар арасында топтық төбелеске жол бермеу маңызды. "Жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылық пен қылмысты болдырмау, олардың өмірі мен денсаулығын сақтау күн тәртібінен түспейді" дейді қызылордалық полицейлер. Сондада "көзсіз батырлар" көз көгертуін тоқтатпай тұр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу