Қазақстанда бұл салаға жіті көңіл бөлініп отыр. Себебі, отбасы институты демографиядан бастап экономикаға дейінгі барлық салаға әсер ететіні белгілі. Сол себепті отбасы құндылықтарын сақтау, ана мен баланы қорғау мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі десек артық айтпағанымыз, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда "2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы" қабылданған. Сонымен қатар республикада Отбасы күні айқындалып, жыл сайын аталып өтуде. 2014 жылдан бері ұйымдастырылатын "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауы да маңызды бастамалардың бірі саналады. Бұл конкурс жанұялардың мәртебесін көтеруге ғана емес, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге де өз үлесін қосып отыр.
Заңнамалық база да үнемі жетілдірілуде. Аймақтарда "Бақытты отбасы" және "Жанұя" отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Мұнда азаматтарға құқықтық және психологиялық кеңестер, кәсіби бағдар беру, оқыту курстары, сондай-ақ әлеуметтік көмек алу мүмкіндіктері ұсынылады. Билік өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау, некеге және отбасыға қатысты заңдар қабылдап, ажырасу кезінде мүлікті бөлу тәртібін реттеді. Бұл отбасылық қатынастардың тұрақтылығы мен қорғалуына құқықтық негіз жасайды.
Отбасы институты – тірі ағза іспеттес, ол бір орында тұрмайды, заман ағымына қарай бейімделіп отырады.
Психолог Лимана Құттыбекқызының айтуынша, адамның қоғамдағы ең маңызды мектебі – отбасы.
"Егер онда мейірім, сенім, жауапкершілік әлсіресе, қоғамда да тұрақсыздық пайда болады. Қазіргі өзекті мәселелерге ажырасу, материалдық құндылықтың рухани құндылықтан жоғары болуы, ата-ана мен бала арасындағы рухани байланыстың әлсіреуі жатады. Отбасы саясаты тек заңмен емес, тәрбие және жауапкершілік арқылы нығаяды. Құндылықтар адамның психологиялық жай-күйіне қалай әсер етеді дегенге келсек, адам жүрегінің ең бірінші тыныштығы жанұяда қалыптасады. Ортада қолайлы жағдайлар қалыптасса, адам өзін қауіпсіз сезінеді. Бұл оның психологиялық күйіне де әсер етеді", – деді маман.
Сарапшы жас ұрпақты тәрбиелеуде ата-ананың бір-біріне деген сыйластығы және қамқорлығы айрықша рөл атқаратынын айтады.
Халықаралық World Values Survey зерттеуіне сәйкес, қазақстандықтардың 94%-ы отбасын бірінші орынға қойып, оны жұмыс, достар, дін, саясат және бос уақыттан да маңызды деп есептейді. Ата-аналар балалардың тәрбиесіне көңіл бөліп, оларға жақсы білім беруге тырысады.
"Ата-аналар үлгі болуы тиіс. Жеткіншектер көбінесе олардың айтқан сөзін емес, көрген әрекетті қабылдайды. Баламен рухани байланыс орнатудың да маңызы зор. Яғни, бірге уақыт өткізу, кітап оқу, сөйлесу. Бала өзін қажет екенін сезінсе, ол анасы мен әкесіне де жақын болып өседі. Тәрбиеде қаталдықтан гөрі мейірімнің күші жоғары", – деп атап өтті психолог.
Лимана Құттыбекқызы қоғамды өзгерту үшін бірінші кезекте отбасындағы құндылықтарды арттырған жөн екенін жеткізді.
Жалпы алғанда, отбасылық құндылықтарды сақтау, гендерлік саясатты жетілдіру және тиімді демографиялық саясат жүргізу – Қазақстанның тұрақты дамуының ажырамас бөлігі. Аталмыш үдерісте жанұя, әйелдер мен балаларды қолдауға арналған мемлекеттік бастамалар елдің әлеуметтік және экономикалық саясатының негізгі құрамдас бөлігіне айналады. Алдағы кезеңде осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табатыны анық.