Сенатор қорғаныс өнеркәсібіне жататын кәсіпорындардың жекеге өтуіне жол бермеуге шақырды

396

Қорғаныс өнеркәсібі кешеніндегі кәсіпорындарды жекешелендіру мемлекет үшін қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.  

Сенатор қорғаныс өнеркәсібіне жататын кәсіпорындардың жекеге өтуіне жол бермеуге шақырды Фото: Inbusiness.kz

Бұл туралы сенатор Геннадий Шиповских Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Оның сөзінше, қорғаныс өнеркәсібі кешеніне жататын кәсіпорындардың көпшілігі жекешелендіруден өтіп, жеке меншікте қалып отыр.

Сенат депутаты қолданыстағы кәсіпорындардың құзыреттерін қолдау және жаңасын дамыту мақсатында неғұрлым перспективалы даму әлеуеті бар кәсіпорындарды мемлекеттің бақылауына болғаны маңызды деп есептейтінін жеткізді.

"Бүгінде отандық қорғаныс өнеркәсібі кешенінің өзегі болып табылатын "Қазақстан инжиниринг" ұлттық компаниясы" АҚ активтерінің құрылымына 15 кәсіпорын кіреді. Оның ішінде "Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелері туралы" Үкіметтің қаулысына сәйкес, 4 активті сату көзделіп отыр, оның біреуі "Тыныс" акционерлік қоғамы биылғы мамыр айында сатылып кетті", - деді Сенат депутаты.

Геннадий Шиповскихтің айтуынша, осылайша "Қазақстан инжинирингі" ұлттық компаниясының күштік құрылымдарды ең көп сұранысқа ие қару-жарақпен, әскери техникамен толық қамтамасыз ете алмау қаупі бар.

Қорғаныс өнеркәсібіне жататын кәсіпорындарды жекешелендіру бірқатар қауіпті нәтижелерді туындатуы мүмкін екенін алға тартты.

"Біріншіден, мемлекет тарапынан жеке меншік қорғаныс өнеркәсібін қадағалау мүмкіндігінің азаюы. Екінші – қорғаныс өнеркәсібіне шетелдік инвесторлардың қатысуы болашақта оның қызметін мемлекетке кері пайдаланылмайтынына кепілдіктің болмауы. Үшіншіден, соғыс жағдайында қорғаныс өнеркәсібінен айырылып қалу мүмкіндігінің туындауы. Жекешеленген мүлік тістегеннің аузында, ұстағанның қолында кетпес үшін Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігінің жай-күйіне әсер ететін нысандарды жекешелендіруге жол берілмеуін талап етеміз", - деді сенатор.

Бұдан бөлек жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кейбір мәселелер туралы үкімет қаулысын қайта қарауды сұрады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу