Спортшылардың киім үлгісінде букмекерлік жарнама қаптап тұр – Сабильянов

203

Депутат мәселе көтерді.

Спортшылардың киім үлгісінде букмекерлік жарнама қаптап тұр – Сабильянов Фото: vlast.kz

Букмекерлік кеңселерге спорттық ғимараттардың ішінде, спортшылардың экипировкасында жарнама жасау мүмкіндігі беріліп отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Қаралып отырған заң жобасында букмекерлік кеңселерге спорттық ғимараттардың ішінде, сонымен бірге спортшылардың экипировкасында жарнама жасау мүмкіндігі беріліп отыр. Оларға тыйым салынған жоқ. Бұл букмекерлік кеңселердің қызметіне деген сұранысты көбейтпей ме? Қандай қажеттілік бар? Бір жағынан жарнамаларға тыйым салып отырмыз да, бүкіл Қазақстандағы спорттық ғимараттарға, спорт ареналарына, залдарға, балалар баратын жерге рұқсат беріп отырмыз. Бұл қандай қажеттіліктен туындап отыр?", - деп сұрады депутат Нұртай Сабильянов.

Бұл сұраққа ойын бизнесі, лотерея қызметі мәселелері бойынша заң жобасын таныстырған Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев жауап берді.

"Балалар баратын спорттық алаңдарда немесе ғимаратта спорттық іс-шара болмаса, онда букмекерлік кеңселерді жарнамалауға рұқсат жоқ. Тікелей спорттық экипировкадағы жарнама мәселесі тек сол спорттық аренада ғана. Егер де футбол ойыны болса, тек қана футбол ұйымдастырылып отырған уақытта қандай букмекерлік кеңсе оның демеушісі болса ғана кие алады. Ол спорттық киімді далада, қоғамдық орындарда киюге рұқсат жоқ. Біздің басты ұстаным қазіргі таңда букмекерлік кеңселердің қаражатын немесе жарнамасын спорттық бағыттарды қолдауға ғана бағытталып отыр", - деді халық қалаулысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу