Тараздық абысындар тұшпара сатып, табыс тайқазанын тасытуда

1809

Жамбыл облысында шағын және орта бизнестің көкжиегі жыл санап кеңейіп келеді. 

Тараздық абысындар тұшпара сатып, табыс тайқазанын тасытуда Фото: Instagram парақша

Мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіп бастап, табыс тайқазанын тасытып отырған кәсіпкерлер бүгінгі таңда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлестерін қосуда. Осы ретте облыс нарығын жергілікті өніммен қамтамасыз етіп, кәсіпкерлік саласында тыңнан түрен салып жүрген Гүлбану Есмағамбетова мен Ұлжан Баяділдің берекелі бизнесін өзгелерге үлгі ретінде айтпай кетуге болмайды.

"Аскөп" жартылай фабрикаттар өндірісінің негізін қалаған бір үйдің екі келіні Гүлбану мен Ұлжан осыдан 4 жыл бұрын 1 800 теңгеге жеке бизнестерін бастаған. Абысындар бастапқыда тұшпара сату арқылы табыс табуды мүлдем ойламаған. Үйдің шағын ас бөлмесінде пісіріп, отбасыларының керек-жарағына жететін қаржы тапқанына қанағаттанып жүрген. Бірақ уақыт өте келе дәмі тіл үйіретін тұшпараға сұраныс көбейе бастағаннан кейін Гүлбану мен Ұлжан ақылдаса келе қолдарынан келетін кәсіппен айналысуға белді бекем буады.

"Күн өткен сайын тұтынушыларымыздың қатары көбейе бастады. Тіпті абысыным екеуміз үлгере алмайтын жағдайға жеттік. Қанша пісірсек те, бәрі өтіп кетіп жатты. Сондықтан басқа шаруаның барлығын ысырып қойып, түбегейлі айналысуға шешім қабылдадық. Ең бастысы қолымыздан келеді. Одан кейін жолдастарымыз да әрдайым қолдау көрсетіп отырады. Осылайша отбасымыздың қолдауының арқасында ісімізді бастап, уақыт өте келе кәсібіміз аяққа тұра бастады.

2021 жылы "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалында мамандардан дәріс алып, 3 миллион теңге қайтарымсыз грантқа қол жеткіздік. Гранттың ақшасына қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдық. Қазіргі таңда 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмыз", - деген Гүлбану Ахмедиярқызы "Абысын тату болса, ас көп" деген мақалға сүйене отырып кәсіпорынға "Аскөп" деген атау бергенін жеткізді.

Ал Ұлжан Баяділдің айтуынша, бүгінде олардың өнімдерін Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы дүкендерден табуға болады.

"Тұшпара, котлет, қаттама секілді жартылай фабрикатталған өнімдер жұмысбасты адамдар үшін өте ыңғайлы. Көп уақытын жоғалтпайды. Тек дайын өнімді пісірсе болғаны. Уақыт үнемдеу жағынан өте тиімді және сапалы болғандықтан тұтынушыларымыздың саны жыл санап көбеймесе, азайған емес. Біз үшін ең бірінші орында – сапа. Өнімдеріміздің сапасының жоғары болғанын әрдайым бақылауда ұстап отырамыз" - дейді Ұлжан Баяділ.

Шаңырақтың да берекесін келтіріп, сәнін кіргізіп отырған абысындар алдағы уақытта кәсіптерін кеңейту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуды жоспарлап отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу