Қазақстан теңгесі 2026 жылы Еуропа мен Азиядағы ең табысты валютаға айналды. Бұл көрсеткіш бойынша теңге екі құрлықтағы барлық валютаны басып озды, деп жазады inbusiness.kz сайты DALA INSAID-қа сілтеме жасап.
Басылым теңгенің күшеюін мұнай бағасымен емес, ең алдымен Қазақстанның мемлекеттік облигацияларына шетелдік капиталдың жаппай келуімен байланыстырады.
Бір жылдың ішінде шетелдік инвесторлардың теңгемен шығарылған мемлекеттік облигациялар портфелі шамамен $2 млрд-тан $5 млрд-қа дейін өскен. Қазір олардың үлесі ішкі мемлекеттік қарыз нарығының 10%-ына жуықтап қалды.
Шетелдік инвесторларды Қазақстанға бірнеше фактор тартып отыр. Біріншіден, елдегі жоғары пайыздық мөлшерлемелер теңгелік активтердің кірістілігін тартымды етеді. Екіншіден, Қазақстан халықаралық агенттіктерден инвестициялық деңгейдегі кредиттік рейтингін сақтап отыр. Бұл көптеген ірі институционалдық қорлар үшін принципті мәселе: олардың мандаты рейтингі төмен елдердің облигацияларына ақша салуға мүмкіндік бермейді.
Financial Times келтірген ING экономисі Дмитрий Долгиннің бағалауынша, теңгенің биылғы нығаюы сауда балансынан гөрі капитал ағындарымен көбірек байланысты. Яғни қазіргі бағамға экспорттық түсімнен бөлек, Қазақстанның қаржы нарығына кіріп жатқан шетелдік ақша елеулі қолдау көрсетіп отыр.
Бұл процесті алдағы уақытта Euroclear одан әрі күшейтуі мүмкін. Қазақстан теңгемен шығарылған мемлекеттік бағалы қағаздарды халықаралық Euroclear есеп айырысу жүйесіне қосуды жоспарлап отыр. Нәтижесінде әлемдік инвесторларға қазақстандық облигацияларды сатып алу, сақтау және саудалау әлдеқайда жеңілдейді. FT дерегінше, осы жоспар жарияланғаннан кейін капитал ағыны айтарлықтай жандана түскен.
Ендігі үлкен мақсат – Қазақстанның мемлекеттік облигацияларын JPMorgan GBI-EM дамушы елдердің халықаралық облигациялық индексіне енгізу. Егер Қазақстан осы индекске кірсе, қазақстандық қағаздарға сұраныс тағы өсуі ықтимал. Себебі әлемдегі көптеген ірі инвестициялық қорлар активтерін дәл осындай индекстерге сүйеніп бөледі.
Қазақстанға тек портфельдік капитал емес, тікелей инвестициялар да қайта келе бастаған. Financial Times бірінші тоқсанда тікелей шетелдік инвестиция көлемінің $6,3 млрд-қа дейін қалпына келгенін атап өтеді. Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы мұнаймен шектелмей, көлік дәліздеріне, цифрлық және технологиялық инфрақұрылымға қарай ауысып келеді.
Бұл Қазақстан үшін маңызды өзгеріс. Теңге бұрын көбіне мұнай бағасына тәуелді валюта ретінде қабылданса, енді оған халықаралық капитал нарығындағы сұраныс та ықпал ете бастады. Қазақстанның ішкі мемлекеттік қарыз нарығы біртіндеп жаһандық инвесторлар үшін жеке инвестициялық активке айналып келеді.