Теңге мен рубль: Ұлттық Банк төрағасы валюта нарығына қатысты пікір білдірді

2983

Еліміз белгіленген бағамға көшуді қарастырмайды. 

Теңге мен рубль: Ұлттық Банк төрағасы валюта нарығына қатысты пікір білдірді

ҚР Ұлттық Банк Төрағасы Ғалымжан Пірматов валюта нарығындағы ахуалға түсініктеме берді, деп жазды inbusiness.kz

"Жағдай шынымен де күрделі. Одан әрі де санкциялар күшейтілуі мүмкін деген болжамдарға байланысты сауда-саттықта рубльдің жағдайы құбылмалы. Әрине, Ресей Федерациясы қазір біздің негізгі сауда әріптесіміз саналады. Рубль бағамының долларға шаққандағы өзгеруі Қазақстан теңгесіне де әсер етпей қоймайды. Енгізілген санкциялардың нәтижесінде рубль енді техникалық түрде негізгі екі алаңда – Мәскеу биржасында, ішкі нарықта және банкаралық нарықта саудаланады. Өкінішке қарай, оларда баға белгілеу әртүрлі", – деді бас банк төрағасы. 

Ғалымжан Пірматовтың айтуынша, біз Мәскеу биржасына көбірек қараймыз. 

"Онда өтімділік жоғары. Банкаралық биржада өтімділік көп емес. Рубльдің долларға шаққандағы бағамы осы деңгейде болса да, рубль сегменттің өсуімен саудаланатынын атап өткім келеді, оның құны қанша болуы керек деген іргелі талдау жоқ. Бұл – нарықтың қалыпты ықпал етуі. Менің ойымша, теңге рубль бағамының әсеріне ұшырай бермеуге тиіс және бізде құбылмалылық та өсті, бірақ ол рубльге шаққандағы бағаммен бір деңгейде емес. Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда мен сауда ағынының қазір қалай өзгеретінін ескере отырып, теңге мен рубль басқа тепе-теңдік құнын табады деп ойлаймын. Сондықтан бұл деңгейдің қандай болатынын қазір айту қиын. Бірақ біз қазірдің өзінде соңғы 6 жылда байқалған деңгей енді біз үшін бағдар бола алмайтынын түсіндік", – деді ол.

Оның атап өтуінше, Ұлттық Банк белгіленген бағамға көшуді қарастырмайды.

"Біз кезінде бұл жағдайдан өткенбіз. Экономикамыздың құрылымы бағамды белгілі бір деңгейде ұстап тұруға, бекітуге тырысқанымен, оның арты күрделі түзетуге, бір уақытта девальвацияға алып келгенін тәжірибе көрсетіп берді. Белгіленген бағам алтын-валюта резервтерінен айтарлықтай үлкен шығыстарды талап етеді. Егер біз мұны соңғы рет жасауға тырысқан 2014-2015 жылдарды еске алсақ, бізге 35 млрд доллар қажет болды, нәтижесінде теңге бағамын бәрібір ұстап тұра алмадық. Белгіленген айырбастау бағамы сарапшылар ортасында бизнестің инвестицияларын, шығысын, кірісін жоспарлай алатын талап ретінде ұсынылады және бұл бизнес үшін маңызды. Дегенмен бизнес белгісіздік көптеп орын алған жағдайда өмір сүре алады. Бұл – айырбастау бағамы ғана емес, баға, инфляция. Кредиттер бойынша пайыздық мөлшерлемелер, болашаққа үміт арту және ертеңге күнге сенім білдіру. Сондықтан айырбастау бағамы – факторлардың бірі ғана", – деді Ұлттық Банк Төрағасы.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу