TikTok басшысы қазақстандық тик-токер мұғалім туралы не деді?

1237

TikTok ойын-сауық платформасы ретінде танымал болғанымен, мұнда білім беру контенті де кездеседі. 

TikTok басшысы қазақстандық тик-токер мұғалім туралы не деді? Фото: ЭКД

Бұл туралы TikTok компаниясының Бас директоры Шоу Цзы Чу Digital Bridge 2023 форумының пленарлық отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz.

"Мен Қазақстанға бірінші рет келдім. Қазақстанның бай мәдениетімен, мұрасымен өз тәжірибемде танысамын. TikTok-тағы біздің миссия – жасампаздыққа шабыттандыру әрі адамдарға қуаныш сыйлау. Әлемнің 150 еліндегі млрд-тан астам адам өздерін жаңа қырынан танытып, TikTok көмегімен әлемді зерттей алады. Бұл әлем бойынша мәдениеттер мен қауымдастықтарды біріктіретін көпір іспеттес", - деді Шоу Цзы Чу.

Ол TikTok-та Қазақстанның мәдениеті мен қазақ тілін ілгерілету бағытында жасалып жатқан қадамдармен мақтан ететінін жеткізді.

Шоу Цзы Чу биыл TikTok қосымшасы қазақ тілінде қолжетімді болғанын да тілге тиек етті.

"Мәселен, биыл Наурыз2023 хештегі болды. Оның көмегімен әлемдегі миллиардтаған адамға  Қазақстандағы Наурыз туралы айтылды. Бұдан бөлек осы тренд аясында адамдар ұлттық киімдерін киіп, ұлттық тамақ дайындады. Ұлттық тағамнан бүгін кешке ауыз тиемін деген ойдамын", - деп жалғастырды спикер.

Сондай-ақ ол былтыр ҚР Мәдениет, туризм және спорт министрліктерімен бірлесе отырып, елдегі туризмді ілгерілету бағытында да ынтымақтастық орнатқандарын хабарлады.

"Біріккен күш-жігердің арқасында TravelKazakhstan хештегі Қазақстанның табиғаты көркем, әдемі жерлері туралы контенттің пайда болуына әкелді", - деп атап өтті ол.

Шоу Цзы Чудың айтуынша, TikTok бірінші кезекте ойын-сауықтарға арналған платформа ретінде танымал болғанымен, адамдарға білім берумен де айналысады.

Ол бұл әлеуметтік желіде білім беру контенті де кездесетінін баса айтты.

"Күні кеше химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсеновпен кездесіп, өмірімен  таныстым. Оның білім берудегі ерекше тәсілі бар, соның арқасында ол өзінің білімімен, химияға деген қызығушылығымен бөліседі. Ұлан TikTok-тың білім беру жүйесінде қажет оң өзгеріс болуы мүмкін екенін көрсетті", - деп түйіндеді TikTok компаниясының Бас директоры.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу