Туындысын Президент сатып алған тараздық қолөнерші

639

Қыштан құмыра, түрлі мүсіндер жасайтын қолөнерші сызу және сурет пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді.     

Туындысын Президент сатып алған тараздық қолөнерші Фото: inbusiness.kz

Тараз қаласындағы қолөнер көрмесінен Жамбыл облысына жасаған жұмыс сапары кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызыл саздан жасаған керамикалық туындысын сатып алған мүсінші Индира Губашеваның қыш құмыраларына қазір сұраныс артқан.

Индира Губашева негізгі қызметінен басқа мектепте былғарыға сурет салатын – "Hand Craft" және қыштан мүсін жасауды үйрететін "Art Lab" атты екі үйірме ашқан.

Индираның дипломдық жұмысы – "Поэзия музасы" мүсіншесі кезінде өнер сыншыларының қызығушылығын туғызған екен. Ол 10 жылдан бері "Суретшілер одағы" қоғамдық бірлестігінің мүшесі.

Өнер иесі түрлі жанрдағы картиналарды маймен, акварельмен, қарындаштармен, сиямен салған. Ал керамикамен мүсін жасауды қолға алғанына көп бола қоймапты.

Мүсінші табиғи саздан ыдыстар мен мүсіншелер жасау шеберлігін игеру үшін ол Гүлжан Ибраимованың Тараздағы "LashynArt" атты қыш шеберханасының студиясында арнайы курста оқыған. Биыл қаңтар айында Данияр Бабашовтың Алматыдағы "Otyrar Ceramics" атты жеке орталығында қыш жасау өнері бойынша шеберлік сабағына қатысып келген.

"Абай атындағы Жамбыл жоғары гуманитарлық колледжінің қолданбалы өнер факультетін бітірдім. Онда оқытушы Қадыр Мұсаевтан теріні өңдеу, сурет салу және былғарыдан көлемді бұйымдар жасаудың қыр-сырын үйрендім. Ал ұстазым Юрий Емин кескіндемеге деген шынайы талғамымды қалыптастырды. Әрі қарай "Ұстаз" педагогикалық институтында жоғары білім алып, біліктілігімді арттырдым", - дейді Индира Губашева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу