Вайнерлер ісі: соттан үйқамаққа жіберуді сұрады

536

Ал "қаржы пирамидасын құрып, басқарды" деген айыппен ұсталған вайнерлердің соты 10 ай дегенде енді басталды. 

Вайнерлер ісі: соттан үйқамаққа жіберуді сұрады

Талайды сан соқтырып, өзіне қол жұмсауға дейін жеткізген резонансты істе танымал блогер Мейіржан Төребаев пен актер Мейірхан Шерниязовтан өзге тағы да 10 адамның есімі бар. Алдын ала тыңдау Алматыда онлайн форматта өтіп жатыр. Күдіктілер өздерін үй қамаққа жіберуді сұрады. 8 ай бойы қамауда болған вайнерлер мен өзге де күдіктілер сотқа тергеу изоляторынан онлайн қатысты. Зум қосымшасына 100 адам қосылып отырды. Бұдан да көп болуы мүмкін еді, қосымшаның лимиті одан аспайды. Сот басталғаннан-ақ адвокаттар алданғандардың көптігінен істі офлайн қарауды сұраған,  судья өтінішті қанағаттандырмады. 

Процессте сөз алған күдіктілердің қай-қайсысы да өздеріне тағылған айыппен келіспейді. Айыпталушылардың бірінің сөзінше, іске тікелей қатысы барлар бостандықта жүр. Сондықтан қылмыстық істі прокуратураға қайтаруды сұрап отыр. Вайнер Мейіржан Төребаев тергеушілер өзінің кінәсін дәлелдейтін бірде-бір дәлел таппағанын айтады. 

"Әйелім Дана Есееваны менің заңды қорғаушым деп танысаңыз. Сондай-ақ, тергеу өрескел заң бұзушылықтармен жүріп жатқандықтан, істі прокурорға қайтаруды да сұраймын. Мен компанияға құрылғанына бірнеше ай өткеннен кейін ғана қосылдым. Бүгінгі күнге дейін тергеу менің кінәмді дәлелдей алған жоқ", деді вайнер Мейіржан Төребаев.

Айыпталушылар судьядан үйқамаққа жіберуді де сұрады. Бірақ шешімі келесі отырыста, яғни  23- желтоқсанда белгілі болады.  

Еске салсақ, Mudarabah Capital қаржы пирамидасын құрғандар 200-ге жуық салымшыны алдап, 5 млрд теңге шығын келтірді деген күдікке ілініп отыр. Бұл іске қатысты тағы 2 адам халықаралық іздеуде жүр. Қылмыстық істің негізінде 41 жылжымайтын мүлікке, 3 автокөлікке, 9 банк шотына және 16 компанияның жарғылық капиталындағы әртүрлі үлестерге тыйым салынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу