Жамбыл облысынан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 56 688 450 теңгеге көмек көрсетілді

328

Облыс тұрғындары "Жүректен жүрекке" акциясына белсенді атсалысты.  

Жамбыл облысынан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 56 688 450 теңгеге көмек көрсетілді Фото: Таласбек Керей

Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға гуманитарлық көмек жіберу қарқынды жалғасуда. Игілікті істен Жамбыл облысының тұрғындары да шет қалмады. Бүгінге дейін Жамбыл облысынан су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға 56 688 450 теңгеге көмек көрсетілді.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының қоғамдық орынбасары Гулам Омаров елімізде орын алған түрлі табиғи апаттар мен тосын жайларда ұйым мүшелері көмек қолын созудан іркіліп қалмағанын айтады. Гулам Мұхтарұлының айтуынша, Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдары, этномәдени бірлестік өкілдері, аудан және қала тұрғындары, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық білім және жастар саясаты мәселелері басқармалары мен кәсіпкерлер жұдырықтай жұмылып, төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуге бағытталған "Жүректен жүрекке" акциясына белсене атсалысқан. 

"1 сәуірден бастап Тараз қаласындағы "Достық" үйінде және Давруш ата мешітінде гуманитарлық көмек жинау пунктері жұмыс істеді. Ақшалай аударымдар үшін "Kaspi Gold" картасы да қарастырылды. 
Жекелей тоқталсам, "Ахыска" түрік этномәдени бірлестігі тарапынан 4 150 000 теңге сомасына гуманитарлық көмек жиналды. Сондай-ақ, "DATÜB" шотына 5 000 000 теңге аударылды.
Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының "Ассамблея жастары" республикалық қоғамдық бірлестігі өңір тұрғындарымен бірлесіп азық-түлік, жаңа киім, тұрмыстық керек-жарақтардан тұратын гуманитарлық көмек жинады. Құны – 7 860 450 теңге. "Архыз" қарашай-балқар бірлестігі 150 000 теңгеге азық-түлік себеттерін берді. Жамбыл облысының гректер қоғамы 400 000 теңгеге азық-түлік, дәрі-дәрмек, гигиеналық құралдар, көрпелер мен киім-кешектер жинап, Ақтөбеге жөнелтті. Қазақстан дүнгендерінің республикалық этномәдени орталығы мен "Вынхуа" облыстық дүнген этномәдени бірлестігі бірлесіп 9 миллион 500 теңге көлемінде Ақтөбеге гуманитарлық көмек жіберді. М.Қашқари атындағы Жамбыл облысының ұйғыр этномәдени бірлестігі 1 миллион 500 000 теңгеге азық-түлік ұсынды. Жамбыл облысының "Шиват Цион" еврей этномәдени бірлестігі 250 000 теңгеге азық-түлік жиынтығын жіберді", - дейді Г.Омаров. 

Сонымен қатар "Манас Ата" қырғыз этномәдени бірлестігі 3 миллион теңгеге азық-түлік, жаңа киімдер, тұрмыстық керек-жарақтар жіберген. Тараз қаласының тұрғындары көмек жинау пунтіне 1 миллион 213500 теңге көлемінде азық-түлік, гигиеналық құралдар әкеліпті. М.Қашқари атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігі жастар қанатының Шу өкілдігі гуманитарлық көмек жинау науқанын ұйымдастырып, 10 миллион теңгеге азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіпті.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу