Жамбылда жайылымдық жер тарылып барады

1598

Елдімекендерде ел-жұрт ауыл аймақтар маңындағы өріс аумағы тарылғаны соншалық, қорадағы малымыз қолға қарап қалды деп шағым айтып жүр.     

Жамбылда жайылымдық жер тарылып барады

Жамбыл облысындағы ауылдық округтердің  5-7 шақырым радиусында 199, 900 мың гектар жайылымдық жер бөлінген. Алайда оның басым бөлігі жекелеген шаруа қожалықтар немесе серіктестіктердің меншігінде. Соңғы жылдарда кейбір пысықайлар жайылым жеріне қада қағып, шынжырлап қоршап алуды шығарды. Ал ауылдағы қорасына азын-аулақ мал біткендер түлігін қайда өргізерін білмей дал болып жүр.

Жұрт шағым айта берген соң, атқарушы билік жайылымдық жерлерді шаруалармен келіссөз жүргізу арқылы ауылдық округ әкімдігіне бекітіп беруді қолға алған. Әзірге мемлекет меншігіне қайтарылғаны – 12 мың 800 гектар. Өңірдегі 14 ауылдық округте өрістің тапшы болып отырғаны – қайтқан жер көлемінің аздығынан.

Негізі елімізде 2008 жылы жеке қосалқы шаруашылыққа қатысты заң қабылданғаны белгілі. Жайылым "жыры" қайта-қайта көтеріле берген соң, 2010 жылы Ауыл шаруашылығы министрінің "Жеке қосалқы шаруашылықтарда елді мекендердің шекаралары шегінде мал ұстау және ауыл шаруашылығы пайдаланымындағы елді мекенді жерлерде малдарды бағу жүктемесінің ветеринарлық нормативтерін бекіту" туралы бұйрығына өзгеріс енгізілген болатын. Осыған сәйкес елді мекенде 1 сиыр ұстау үшін 35,8 шаршы метр, 1 жылқыға 38,4 шаршы метр, бір уақ мал үшін 11,6 шаршы метр жер көлемі бекітілген.

Бұл өзгеріс елді мекендердегі шаруа баққан жұрттың уайымын жеңілдетті ме? Мәселен, осы талап бойынша есепке жүгінсек, ауылда 25 сотық жері бар тұрғын қорасында 5 жылқы, 10 сиыр, 20 қой, 40 тауықтан артық мал ұстамауы тиіс. Асып кетсе, түлігін ауыл сыртындағы мал жайылымына өргізуі немесе кооперативтерге қосылуы керек.

Жамбыл облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірде 8 миллионнан астам жайылым жері болса, оның 3,6 миллионы шаруа қожалықтардың еншісінде. Ал ауылдық округтерге тиесілісі – 570 мың гектар. Қалған жайылым жер бос жатыр.

Облыс аумағындағы жайылымдық жерлердің әрбір 7 гектарын шарт бойынша бір малға шаққанда жайылымның көлемі мал санынан асып түседі дейді облысы әкімдігінің жер қатынастары басқармасының мамандары. Олардың есебінше, бір малға 11 гектардан тиеді екен. Бірақ тұрғындар малын ауыл маңынан ұзатпай жайып, содан өріс тарылып кеткен деген уәжді алға тартады.

Қалай десек те, Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Меркі аудандарында жайылым мәселесі күйіп тұр. Статистикаға сенсек, облыста 3 миллион 900 мың түлік болса, оның 488 мыңы мүйізді ірі қара, 148 мыңы жылқы, 3 миллион 300 мыңы уақ мал бар. Өңірдегі ауылдық округтер саны – 156. Ал шаруа қожалықтар 18 мыңнан асады. Есептегі малдың 40-45 пайызы жекелеген ауыл тұрғындарына тиесілі екен. Олай болса, жайылым "жыры" өңірде әлі талай айтылатыны анық.

Ардақ Үсейінова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу