Жамбылдық шаруа Үкімет басшысына үндеу жолдады

437

Жұмасейт Нұрбаев су тасқынының, қуаңшылықтың алдын алу үшін Олжас Абайұлына бірқатар ұсыныс жасады. 

Жамбылдық шаруа Үкімет басшысына үндеу жолдады Фото: primeminister.kz

 

Жамбыл облысы, Жамбыл ауданындағы "Байелі болыс" шаруа қожалығының төрағасы "Facebook" әлеуметтік жесіліндегі парақшасында су тасқыны салдарынан қалыптасқан жағдайға байланысты ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновке үндеу жолдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Шаруа өткен жылы еліміздің бірқатар өңірінде қуаңшылық орын алғанын, биыл 10 облыс су тасқынынан зардап шеккеннін айта келіп, Олжас Абайұлына ұсыныстарын жолдапты. 

"Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында су тапшылығына байланысты және әбден тозығы жеткен инфроқұрылымы жайлы өзіңіз басқарып отырған Үкімет пен жергілікті әкімдерге нақты міндет жүктеп келді. 

Мына қарама-қайшылықты қараңыз. Былтыр еліміздің бірқатар өңірінде қуаңшылық орын алып, Жамбыл облысының 6 ауданында қуаңшылық салдарынан төтенше жағдай жарияланды. Сонша дүрлігетіндей көктен ылғал түспей қалған жоқ, су қоймаларының да кенезесі кеуіп қалмады. Президент айтқан су жүйелерінің ескіріп, тоз-тозы шығуының салдары мен білікті су шарушылығы мамандарының жоқтығы осындай күйге жеткізді. Осы мәселені, әлеуметтік желіде қанша көтердім, түрлі деңгейдегі биліктен бірде-бір басшы "кері байланысқа" шықпады. 

Ал биыл Наурыз мерекесін іле-шала еліміздің батыс және солтүстік өңірлерін қарғын су алды. Бүгінде 10 облысқа топан су жайылды. 

Әрине, сын сағатта мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті көріп отырмыз. Әр облыстың тұрғындары да көмек қолын созуда, бауырлас мемлекеттерден де гуманитарлық көмек келуде.

Президент су тасқыны салдарынан қалыптасқан ауыр жағдайға байланысты Үндеуінде:

"Біз алапат су тасқынынан тиісті қорытынды шығаруымыз керек. Яғни, жіберілген олқылықтарды түзетіп, тиісті сабақ алуымыз қажет. Ал ондай сабақтар аз емес. Апаттардың алдын алу жұмысындағы кемшіліктен бастап, су шаруашылығы мамандарының тапшы болуы, табиғатқа немқұрайды қарауға дейін көп мәселені реттеу қажет. Үкімет және жергілікті атқарушы органдар су тасқынымен күресті үйлестіріп отыруы тиіс. Су басқан аймақтарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету қажет" – деді.

Президент тапсырып отырған су шарушылығы мамандарының тапшылығын шешудің бірден-бір жолы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті Су шаруашылығы және табиғатқа үйлестіру институтын дербес жоғары оқу орны етіп, қайта жасақтау керек", - деген шаруа Кеңес үкіметінің кезінде Тараз қаласындағы гидромеларативтік-құрылыс институтының даңқы асқақтап, білікті мамандар даярлағанын тілге тиек етеді. 

Ж.Нұрбаевтың айтуынша, институтты жеке дербес жоғары оқу орны етіп ашу тіпті де қиын емес. Оқу корпусы, базасы жетеді. Тіпті, оқытушыларды да сырттан шақыртудың қажеті жоқ. Тараз қаласындағы Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институының қызметкерлерін тартуға болады. Кез келген ғылыми қызметкер ақысын төлесе, лекциясын оқып кетеді.

"Құрметті Олжас Абайұлы! Қарапайым шаруа адамының ұсынысын қабыл алсаңыз, жылдық оқу ақысын төлесе болды, дипломды оңды-солды тарата беретін кейбір жоғары оқу орындарына қарағанда су шарушылығының мамандарын даярлайтын институттың немесе университтеттің бе мемлекет үшін пайдасы зор болмақ. 

Бұл өзекті мәселені бүгіннен қолға алып, жаңа да, дербес жоғары оқу орны биылғы оқу жылында бірінші курсқа білімгерлерді қабылдаса Мемлекет басшысы тапсырмасының бірі әрі бірегейі орындалғаны" деп жазбасын түйіндейді шаруа. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу