300-ден астам павлодарлық жас маманға несие беріледі

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
6609

"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасын жүзеге асыру үшін Павлодар облысына 1,3 млрд теңге қаржы бөлініп отыр. 

300-ден астам павлодарлық жас маманға несие беріледі

 Павлодар облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметінше, 2020 жылы "Дипломмен – ауылға!" жобасын жүзеге асыру үшін Павлодар облысына 1,3 млрд теңге бөлінген. Аталған сомаға 332 жас маманға несие беру, сондай-ақ 350-ден астам түлекке көтерме жәрдемақы үлестіру жоспарлануда.

Несие 0,001%-дық мөлшерлемемен 15 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Бұл ретте, несие сомасы 1500 айлық есептік көрсеткіштен асып кетпеуі керек. 2020 жылы 1 айлық есептік көрсеткіш 2 651 теңгеге тең екенін ескерсек, несие сомасы шамамен 4 млн теңгеден кем болуға тиіс тиіс. Несиені дайын тұрғын үйді сатып алуға немесе жаңадан құрылыс жүргізуге жұмсауға болады.

Жас мамандарға берілетін көтерме жәрдемақы 2019 жылдың шілдесінен бастап, 70 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайған болатын. Сонда биыл көтерме жәрдемақының көлемі 265 мың теңгеге тең.

Былтыр Павлодар облысы бойынша 249 жас маман тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар 494 маманға көтерме жәрдемақы берілген.

Ал 2010 – 2019 жылдары Павлодар облысына қарасты қалалар мен аудандардың әкімдіктері 2 057 маманға 5 млрд 32,5 млн теңге көлемінде бюджеттік несие берген. Жоба қолға алынған сәттен бастап көтерме жәрдемақы алған павлодарлықтардың жалпы саны – 5001 адам. Олар 698,2 млн теңге көлеміндегі жәрдемақыға ие болған.

2009 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан жобаның негізгі мақсаты – ауылға жұмыс істеуге және тұрақтап қалуға келген жастарға әлеуметтік қолдау шараларын көрсету. Осылайша, ауылдардағы кадр мәселесін оңтайлы шешу.

Әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне құжаттар топтамасын ұсыну қажет. Маманға қойылатын негізгі талап – ауылда 3 жыл табан аудармай қызмет ету.

Осы орайда, республикалық көрсеткіштерге де назар аударуды жөн көріп отырмыз. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы қолға алынған сәттен бері, яғни 2009-2020 жылдар аралығында 60 мыңнан астам жас маман жәрдемақы алған. Оларға жәрдемақы төлеу үшін 7,4 млрд теңге жұмсалған. Сонымен қатар, 70,6 млрд теңгеге 27,5 мың бюджеттік несиесі рәсімделген.

2019 жылдың қорытындысы бойынша 7565 жас маман жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын жәрдемақыны иеленді. Сондай-ақ, 14,7 млрд теңгеге тұрғын үй алу үшін 4128 несие берілген.

"Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы бойынша жұмысқа орналасқандардың 71,2 пайызын педагогтар құрайды. Яғни, бағдарлама аясында 42 745 адам мұғалім болып жұмыс істеп жүр. Сұранысқа ие мамандықтардың қатарында денсаулық сақтау саласы да бар. 2009 жылдан бері ауылға аттанғандардың 21,2 пайызы немесе 12 705-і осы саланың өкілдері. Сонымен қатар, 1 665 адам (2,8 пайыз) агроөнеркәсіп кешенін, 1 604 адам (2,7 пайыз) мәдениет, 863 адам (1,4 пайыз) спорт және 483 адам (0,8 пайыз) әлеуметтік қамсыздандыру саласын таңдаған.

Бағдарлама арқылы ауылға баруға ниет білдіргендердің 74 пайызын әйелдер құрап отыр.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу