"Дипломмен – ауылға!" қыздар көп барады – вице-министр

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
4429

2009 жылдан бері мемлекеттік бағдарламаға 60 мыңнан астам адам қатысқан.

"Дипломмен – ауылға!" қыздар көп барады – вице-министр

2009 жылдың 1 шілдесінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен "Дипломмен – ауылға!" мемлекеттік бағдарламасы бастау алған болатын. Бағдарламаны қолға алудағы басты мақсат – ауылдың кадрлық әлеуетін жақсарту. Яғни, ауылды әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіп кешеніне қажетті мамандармен қамту. Биыл бағдарламаның қолға алынғанына 10 жыл толып отыр.

Ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысовтың айтуынша, "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасы қолға алынғалы бері жобаға 60 мыңнан астам адам қатысқан. Оның 71,2 пайызы немесе 42 745 адам білім саласын таңдаған. Одан кейін денсаулық сақтау саласына қызығушылық жоғары. Бұл саланы таңдаған мамандар саны – 12 705 адам немесе бағдарлама қатысушыларының 21,2 пайызы. Үздік үштікті агроөнеркәсіп кешені түйіндеп тұр – 1 665 адам немесе 2,8 пайыз. Одан кейінгі орындарда мәдениет (1 604 адам немесе 2,7 пайыз), спорт (863 адам немесе 1,4 пайыз) және әлеуметтік қамту (483 адам немесе 0,8 пайыз) салалары тұр.     

"2009 жылдан бері бағдарламаға қатысқан 60 мыңнан астам маманға 7,4 млрд теңге көлемінде мемлекеттік қолдау көрсетілді. Яғни, оларға осыншама көлемде көтермеақы берілді. Сондай-ақ 27,5 мыңнан астам маман баспанаға қол жеткізу үшін 70,6 млрд теңге көлемінде бюджеттік несие алды", – деген болатын Strategy2050.kz сайтына берген сұхбатында Ермек Алпысов.

Вице-министрдің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама ауылға жұмыс істеуге баратын мамандар санын айтарлықтай көбейткен. Мәселен, жоба қолға алынғанға дейін ауылға жыл сайын шамамен 3 мың маман келсе, "Дипломмен – ауылға!" басталғалы бері аталған көрсеткіш 6 мыңға дейін ұлғайған.

Атап өтерлігі, "Дипломмен – ауылға!" баратындардың дені, яғни 74 пайызы әйелдер екен. Сонымен қатар бағдарлама қатысушыларының 70 пайызы жас мамандар екенін де еске сала кеткен жөн. Вице-министрдің сөзінше, жоба қатысушыларының шамамен 95 пайызы ауылда біржола тұрақтап, жұмысын жалғастырып жатыр.

"Жоба қатысушылары бетпе-бет келетін негізгі қиындық – бюджеттен бөлінетін қаражаттың жеткіліксіздігі. Қазіргі уақытта бюджеттен бөлінетін қаржы өңірлердің мамандарға деген қажеттілігінің 70-75 пайызын ғана өтеп отыр. Сол себепті әлеуметтік қолдау шараларын алу үшін қатысушылар арасында кезек қалыптасуда", – дейді Ермек Алпысов.

Еске сала кетейік, "Дипломмен – ауылға!" бағдарламасына білім, әлеуметтік қамту, денсаулық сақтау, ветеринария, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіп кешені мамандықтарын игерген жоғары оқу орындарының түлектері қатыса алады. Қатысушыларға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 252 500 теңге көтермеақы беріледі.Сонымен қатар баспана алу үшін бюджеттік кредитке қол жеткізуге мүмкіндік бар. Кредиттің көлемі 1500 айлық есептік көрсеткіштен, яғни 3 787 500 теңгеден аспауы керек. Жоба қатысушыларына қойылатын бір ғана талап бар. Жоғары оқу орнын тәмамдағаны туралы диплом ғана болса жеткілікті. Жобасы қатысушылары ауылда кем дегенде үш жыл жұмыс істеуге міндетті.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу