АИ-92: 1 литр – 161 теңге

3372

"ҚазМұнайГаз" "халықтық" бензиннің бөлшек саудадағы бағасын өсірді. 

АИ-92: 1 литр – 161 теңге

"ҚазМұнайГаз" АҚ басқармасы ("ҚМГ") АИ-92 бензинінің бөлшек саудадағы бағасын 2,5%-ға өсірді. Енді "ҚМГ" брендімен таралған жанар-жағармай құю бекеттеріндегі "халықтық" бензиннің 1 литрі 161 теңге тұрады. Мұндай шешімді сенбі, 28 қазан күні ұлттық мұнай-газ компаниясының баспасөз қызметі таратты.  

Бензин бағасының артуы сұйық отын дефициті мәселесін шешуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ компанияның шығындарын төмендетеді. "ҚМГ" бензин бағасын өсірудің осындай себептері барын атап көрсетіпті.  

"Қазіргі уақытта Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында АИ-92 бензинінің қоры негізінен Ресей Федерациясынан жеткізілген өнім есебінен қалыптасқан. Оның өзіндік құны литріне 161 теңгеден біршама жоғары", – делінген ұлттық компания таратқан хабарламада.

Сонымен қатар хабарламада "ҚазМұнайГаз – қайта өңдеу және маркетинг" АҚ және "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС орталық аппаратының қызметкерлеріне 2017 жылға сыйақы және бонустық төлемдер төленбейтіні айтылған. Түпкілікті өнімнің өзіндік құнын төмендету мақсатында "ҚазМұнайГаз Өнімдері" ЖШС шығындарын едәуір азайтуды, оның ішінде орталық аппараттың штат санын қысқартуды жоспарланып отырғанын мәлімдепті.

Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2012-2016 жылдары Қазақстандағы АИ-92 бензинінің орташа жылдық бағасы литріне 110, 115, 115, 124 және 134 теңгені құраған. Тиісінше, ұлттық компания белгілеген бензиннің жаңа бағасы 2016 жылғы орташа жылдық бағадан қазірдің өзінде 20%-ға асып тұр.

2017 жылдың бірінші тоқсанында АИ-92 бензинінің литрі 137-142 теңге шегінде саудаланды. Ал екінші және үшінші тоқсандардағы "халықтық" бензиннің бағасы литріне 150 теңгеден кем еді. Төртінші тоқсанда ұлттық компания белгілеген баға 161 теңге болмақ.

Тіпті, ең төменгі баға шегімен есептеген күннің өзінде осы жылы "ҚМГ" ұсынған АИ-92 бензинінің орташа жылдық бағасы литріне 150 теңге деңгейінде "қоныстанар" еді. Бұл 2016 жылдың сәйкес көрсеткішінен 12%-ға көп. Ұлттық компанияның сұйық отын дефицитін реттеу үшін өз бекеттерінен клиенттерге жазып берген чектерді есептеу қиындау шығар. Бірақ есептеп көруге болатын дүние.  

Егер өзге де ірі жанар-жағармай құю бекеттер желісі "ҚМГ"-ның жолын таңдар болса, жыл қорытындысы бойынша бағаның 12%-ға өскенін назарға ала отырып көлік иелерінің бензинге жұмсаған қосымша шығынын есептеу қиын емес. АИ-92 бензинін тұтыну көлемі сақталатын болса, еліміздегі көлік иелерінің бензинге жұмсаған қосымша шығыны шамамен 49 млрд теңгеге артпақ.

Оның ішінде күзгі дефицитті теңдестіру отандық көлік иелері үшін 8 млрд теңгеге түспек. Ал "ҚМГ" клиенттері үшін 2-2,6 млрд теңге болмақ. Әрине, бұл шындыққа негізделген нақты есеп емес. Бірақ "ҚМГ" желілеріндегі мұнай өнімдерінің саудасы тұтас елдегі бензин саудасының үлесіне әсер ететінін естен шығаруға болмайды.  

Біраз уақыт бұрын "ҚМГ" бекеттері желісінің нақты көлемдегі үлесі шамамен елімізде сатылатын жалпы мұнай өнімдерінің үштен бірін құраған еді. Мәселен 2013 жылы (компанияның соңғы есептері жоқ екен) сату көлемі 1,3 млн тоннаны құрады. Дәл осы жылғы "ҚМГ Өнімдері"-нің мұнай өнімдерін сатудан түскен кірісі – 150,4 млрд теңге. Бұл есептік кезеңде тұтас ел бойынша сатылған жалпы көлемінің 25,2%-ына тең (598 млрд теңге. – Статистика комитеті). 2013 жылы "ҚМГ Өнімдері" мұнай өнімдерінің жалпы сатылымындағы АИ-92 бензинінің үлесі 42%-ды құрады.     

 Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу