Баламалы энергия үш жылдан кейін 3%-ға жетеді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5254

Баламалы энергетиканы дамытуда аукциондық жолды таңдаймыз.

Баламалы энергия үш жылдан кейін 3%-ға жетеді

Былтыр Қазақстанда баламалы энергия көздерінен алынған қуат көлемі 1%-ды құраған. 2020 жылы бұл көрсеткіш 3%-ға жетеді деп күтілуде. Ал 2050 жылға қарай еліміздің энергетикалық балансындағы баламалы энергияның үлесі 50% болмақ.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте ҚР энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиев айтқандай, бұл болжам ғана. Алайда Қазақстан межелі міндетті қалайда еңсеруге ниетті. Ол үшін біздің ел баламалы энергетиканы дамытудың аукциондық жолын таңдауы тиіс.

"Соңғы 4-5 жылда баламалы энергияның құндылығы 4-5 есеге азайды. Сондықтан біз жаңа технологияларды қолданып әрі әлемнің ірі компанияларын тарта отырып Қазақстанда аукциондық әдісті қолға аламыз. Бірақ бұл бүгін-ертең жүзеге асатын дүние емес. Оған жан-жақты дайындық керек. Алдағы бір-екі жылды дайындық жұмыстарына жұмсасақ, онда 2020 жылға қарай баламалы энергетиканы дамытудың аукциондық әдісіне көшеміз. Қазір осыған ден қоюдамыз", – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Энергетика министрлігі "Форсайт-2050: Жаңа энергия әлемі және ондағы Қазақстанның орны" атты жобаны әзірлеген еді. Шетелдік және отандық білікті 40 сарапшы қатысқан ауқымды зерттеу жұмысы барысында әлемнің 139 мемлекеті бойынша 6 млн мәлімет жиналып, талқыланған.

Осы жобадағы мәліметтерге сүйенсек, энергия тиімділігін дамытудың арқасында 2050 жылға қарай әлемде энергияға деген сұраныс 3%-ға төмендейді екен. Бұл дәстүрлі энергияны пайдалану көлемі азайып, баламалы энергетиканың рөлі арта түседі деген сөз.

Сондықтан Қазақстан алдында тұрған негізгі міндет – энергетиканы трансформациялау. Яғни  "жасыл" экономикаға көшу және тұрақты даму моделіне бет бұру.

"Форсайт мәліметтеріне сүйенсек, 2050 жылға қарай көмірге деген әлемдік сұраныс екі есе төмендеп, 3,2 млрд тоннаны құрайды. Мұнай сұранысы 2030 жылға қарай өз шегіне жетеді деген болжам бар. Сондықтан алдағы он жылда мұнай өндіру көлемін арттыру қажет.

Ал 2050 жылға қарай мұнайға деген сұраныс қайта төмендейді. Мамандар мұның себебін әлемдегі электромобильдің тез таралуымен түсіндіреді. Сондықтан министрлік еліміздің мұнай-газ-химия саласын дамытуға айырықша назар аударып отыр", – деді энергетика вице-министрі.

Бұл ретте осы жылдың қыркүйек айында парламентте жер қойнауын пайдалану туралы кодексті енгізу жоспарланып отыр. Құжатта еліміздің инвестициялық тартымдылығын арттырып, әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік беретін нормалар қарастырылған.

"Соңғы жылдары еліміздің отын-энергетика саласында көп өзгеріс орын алды. Былтыр Қашаған кен орны іске қосылды. Теңіз кен орнындағы "Болашақ" кеңею жобасын қаржыландыру бойынша инвестициялық шешім қабылданды. Алдағы уақытта Қарашығанақ кен орнында да кеңею жобасын іске асыру жоспарлануда.

Осыдан екі ай бұрын "Еуразия" халықаралық жобасы бойынша келісімге қол қойылды. Сөйтіп Каспий маңы ойпатында барлау жұмыстарын жүргізу үшін шетелдің ірі компанияларымен консорциум құру туралы уағдаластық", – деді вице-министр.

Қашаған демекші, бүгінде аталған кен орнында тәулігіне 200-220 мың баррель мұнай өндірілуде. Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, бұл жақсы көрсеткіш.

"Біз аталған межені жоспарлағаннан да ерте бағындырып отырмыз. Жыл соңына дейін Қашағандағы өндіріс көлемін ұлғайту міндеті тұр. Тәулігіне 300 мың баррель деңгейіне жеткізсек дейміз", – деді ол.

Ал KAZENERGY қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай Қарабалиннің айтуынша, 2020 жылға дейін Қазақстанда мұнай өндіру көлемі азаймайды.

"Мұнайдан түсетін түсімнің төмендеуі негізінен екі факторға байланысты. Бірі – мұнайдың бағасы, екіншісі – оны өндіру көлемі.

Алдағы екі-үш жылда біздің елде мұнай өндіру көлемі азаймайды. Оған Қашағанның пайдалануға берілуімен кепілдік беруге болады. Демек мұнайдан үкіметке түсетін табыстың кемуіне жалғыз ғана фактор – баға әсер етпек.

Алайда әлемдегі беделді сарапшылардың дені алдағы 4-5 жылда мұнай бағасы 50 доллар көлемінде сақталады деген болжам айтады. Әрине жоғары өсуі де мүмкін. Бірақ 2014 жылғыдай 115 долларға жетпесі анық. Сарапшылар өсе қалған күннің өзінде мұнай бағасы 80 доллар төңірегінде болады деп болжам жасап отыр. Сондықтан мұнайдан түсетін түсім азаймақ емес", – дейді Ұзақбай Қарабалин.

Абылай Бейбарыс

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться