Билік қандай банктерді құтқаратынын анықтады

7684

Қазақстан "жүйе құраушы банктер" деген ұғымнан бас тартты.

Билік қандай банктерді құтқаратынын анықтады

Өйткені сарапшылардың түсіндіруінше, ұзақ жылдар бойы қолданылып келген бұл термин сала мамандары болып табылмайтын былайғы жұртшылыққа түсініксіз, еш мағына білдірмейді. Әрі жасанды түрде құралғандықтан, құлаққа жағымсыз естіліп, Үкімет беделін көтеруге бағытталған пиарда пайдалануға жарамайды.

Оның орнын енді "жүйелі маңызы бар банктер" деген ұғым баспақ. Бұл қазір сәнге айналып, ауызекі сөзге енген "әлеуметтік маңызы бар тауар" деген ұғымға ұқсас.

Осы орайда Ұлттық банк "Қаржы ұйымдарын жүйелі маңызы бар ұйымдар қатарына жатқызу қағидаларын" әзірлеп, бекітуге кірісті. Оның шет-жағасы да белгілі болып отыр.

Қаржылық реттеушінің анықтамасына сәйкес, осы жаңа қағидаларды бекітетін ҰБ басқармасының қаулысы әу баста 2019 жылғы қарашада бекітіледі деп жоспарланған екен.

Алайда Премьер-министр кеңсесінің заңгерлері мерзімді өзгертіп, алдағы қыркүйек айында қабылдануы тиістігін белгілепті.

Бұл қаулының орындалуын бақылауға алу Ұлттық банк төрағасының орынбасары Мадина Әбілқасымоваға жүктелмек.

Құжатқа сәйкес, жүйелі маңызы бар банк – "бүкіл елдің қаржы жүйесінің немесе оның жекелеген сегменттерінің тұрақтылығы соның тұрақты жұмыс істеуіне байланысты болатын банк".

Айтқандай, ірі банктердің өздері ғана емес, олардың мәселен, биржада ойнайтын құрылымдары да мемлекет тарапынан қорғалады. Бұл үшін Ұлттық банк шенеуніктері басқа термин ойлап тауыпты: ол "жүйелі маңызы бар инфрақұрылымдық қаржы ұйымы" деп аталады және оған "бағалы қағаздар нарығының тұрақтылығы соның тұрақты жұмыс істеуіне байланысты болатын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы" жатады.

Мемлекет қамқорлығына алуы үшін банктер не істеуі керек?

Жаңа қағидалар жобасында айтылғандай, қаржылық ұйымдарды "жүйелі маңызы бар банк" қатарына жатқызу үшін бірнеше өлшемшарттар қолданылады: біріншіден, банктің көлемі, екіншіден, оның қаржы нарығының қатысушыларымен өзара байланысы, үшіншіден, банктің өзгелерді алмастыра алуы, төртіншіден, ол жүргізетін операциялардың кешенділігі мен күрделілігі басты назарға алынады.

Бірінші критерийде "банк активтерінің отандық банк секторының жиынтықты активтеріндегі үлесі" және "банк міндеттемелерінің банктердің жиынтық міндеттемелеріндегі үлесі" ескеріледі.

Активтерінің үлесі бойынша Қазақстанда бірінші орында қазір "Халық банкі" тұр: ЕДБ-лардың жиынтықты активтерінің үштен бірінен астамы – 8,6 триллион теңгесі жалғыз соған тиесілі. Ол 2019 жылғы маусым айында ауқатын тағы 156,9 миллиардқа, ал бір жыл ішінде 3,8 триллионға арттырды.

Екінші орынға ForteBank шықты: бір ай ішінде ол активін 127,9 миллиардқа, ал бір жылда – 475,8 млрд теңгеге ұлғайтып, жалпы көлемін 1,9 триллион теңгеге жеткізді.

"Үштікке" сондай-ақ 1,9 триллион теңге активімен (бір айда 27,7 миллиардқа, бір жылда – 456,5 млрд теңгеге көбейткен) Kaspi Bank ілікті.

Айтқандай, "жүйелі маңызды" банк атану үшін қаржылық институт зейнеткерлер активін тартуға барынша күш салғаны жөн. 

Себебі екінші өлшемшарт аясында банктердің қайсысының депозиттерінде "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының" қаражаты көбірек орналастырылғаны басшылыққа алынады.

"Банктің қаржы нарығының қатысушыларымен өзара байланысын сипаттайтын көрсеткіштер мыналар: банктердің банкаралық міндеттемелерінің және банктердің "БЖЗҚ" акционерлік қоғамының банктік салымдарға және банктер шығарған бағалы қағаздарға инвестицияланған зейнетақы активтері бойынша міндеттемелерінің жиынтық көлеміндегі банкаралық міндеттемелер, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры" АҚ-ның банкке салымдарға және банк шығарған бағалы қағаздарға инвестицияланған зейнетақы активтері бойынша міндеттемелері қосындысының үлесі", – деп түсіндіреді қаржылық реттеуші.

Демек, "жүйелі маңызы бар" мәртебесін иелену үшін коммерциялық банктерге БЖЗҚ-мен дос болуға тура келеді.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу