Болашақ зейнеткерлер банктерді 200 млрд теңгесімен қолдайды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2456

Банктер мен бизнеске зейнетақы қорынан 200 миллиард теңге берілетін болды, ал құрылыс саласы шөміштен қағылды.

Болашақ зейнеткерлер банктерді 200 млрд теңгесімен қолдайды

Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев "7-20-25" бағдарламасына зейнетақылық қаражаттарды бағыттауға үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.

Өзінің наразы көзқарасын қаржылық реттеушінің жетекшісі бүгін сенатта өткен парламенттік тыңдаудан кейін жария етті.

Сенаторлар елбасы ұсынған "бес президенттік бастама" аясында өмірге жолдама алғалы тұрған тұрғын үй ипотекалық бағдарламаның өрісін кеңейтіп, өркенін жаю, тың серпін беру үшін оған БЖЗҚ-да қордаланған триллиондардың бір бөлігін жұмсауды ұсынған болатын. Атап айтқанда, кейбір депутаттар қазақстандықтарға сонда жинақталған төл зейнетақы жинақтарының бір бөлігін арзан ипотека алу үшін пайдалануына рұқсат еткенді жөн санайды.

Бұл дамыған елдерде қолданылатын озық тәжірибе. Әйтпесе, аталған қорда азаматтардың табысынан мәжбүрлі түрде жырып алынған миллиондар босқа жатады. Ал үйі болмай, күйі келмеген, сыздан денсаулығы сыр берген қазақстандықтар зейнеткерлікке шығар жасқа жетпей, өмірден өтіп кететіні де жасырын емес. Бұған Ақышев мырза не дейді?

"Жоқ, үзілді-кесілді түрде жоқ! Ұлттық банк "7-20-25" бағдарламасына қатысу үшін қазақстандықтардың зейнетақылық жинақтарын пайдалануы идеясын мүлдем қолдамайды. БЖЗҚ-да азаматтар жинақтайтын қаражаттар олардың зейнеткерлік жасқа жеткенде еңбекке қабілетсіз шағын қамсыздандыруға бағытталған. Бұл олардың қазіргі әлеуметтік проблемаларын шешуге бағытталған қаражат емес. Біз бұл идеяға теріс қараймыз. Тиісінше, бұған қатысты ешқандай да тәсіл-схемаларды қарастырмаймыз", – деп қысқа қайырды Данияр Ақышев.

Егер бас банкир бұлай шоршымағанда, ол жинақтар қаншама қазақстандықты баспанамен қамтып, ғұмырын шаттыққа бөлер ме еді.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, биылғы жыл басынан бері қазақстандықтардың зейнетақы жинақтары тағы 193,3 млрд теңгеге ұлғайып, 2018 жылғы сәуірдегі жағдай бойынша 7 триллион 974,1 миллиард теңгеге жеткен.

Экономистердің есебінше, табыстылығының төмендігі салдарынан инфляцияға босқа жем болып жатқан осынша сомаға елордада бірден 800 мың пәтер сатып алуға болады.

Бірақ бұл байламмен де қаржылық реттеуші келіспейді. Оның дерегінше, 2018 жылғы қаңтар-наурызда зейнетақы активтерін инвестициялаудан түскен таза кіріс 66,4 млрд теңгеге ұлғайды. Жалпы, биылғы сәуірдегі жағдай бойынша жалпы кіріс көлемі 2 трлн 841,3 млрд теңге болыпты.

Қазақстанда қазір 9,6 млн шотта азаматтардың міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке жинақтары қордалануда. Ол азаматтардың жалақыларын ұсталып, БЖЗҚ-ға аударылған он пайыздық жарна көлемі қаңтар-наурыз айлары қорытындысында 72,4 млрд теңгеге жетті. 

Әзірге, БЖЗҚ-ның жиынтық инвестициялық портфелінің негізгі бөлігі сол бұрынғыдай, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздары мен Қазақстан эмитенттерінің корпоративтік бағалы қағаздарына инвестицияланған. Олардың зейнетақы активтерінің жалпы көлеміндегі үлесі тиісінше 45,2%-ды және 28,2%-ды құрайды.

Қордағы триллиондарды алымы мен қарымы жақсы құрылыс саласына салу артық болмас еді. Өйткені биылғы жылдың басынан бері құрылыс саласы 5,9%-дық өсім көрсеткен. Бұл ел экономикасының өсімінен де (4 пайыз) жоғары көрсеткіш.

Бірақ бұл бағыттың арнасын қаржылық реттеуші бұғаттап тастады.

Оның орнына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан екінші деңгейлі банктер шамамен 200 миллиард теңге алатындығы мәлім етілді. 

"Банктерді қорландыруды кеңейтудің бір элементі – облигациялық бағдарлама болмақ. Оны біз 2018 жылы іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бағдарлама БЖЗҚ қаражаттарын банктердің және қазақстандық корпоративтік эмитенттердің қаржылық құралдарына инвестициялауды қарастырады. Біз бұл қаржы көлемі шамамен 200 миллиард теңгені құрайды деп ұйғардық. Бұл шешімді ұлттық қорды басқару кеңесі қабылдады. Тиісті қаражат бөлінді", – деп хабарлады депутаттарға ұлттық банк төрағасы.

Ол осы орайда "ұлттық банктің банктерге БЖЗҚ-ның қаражаттары мөлдір емес тәсілдермен берілген тәжірибені қайта қалпына келтіруді көздеп отырмағанына" сендіріп бақты.

"Біз қаржыны нарықтық шарттармен орналастыруды қарастырудамыз. Ол банктердің бес жылдық облигацияларын сатып алу жолымен жүзеге асады. Бірақ БЖЗҚ-ны тәуекелдерден қорғау үшін БЖЗҚ қаражаттарына әрбір облигация шығарылымының барлық санының 50 пайыздан аспайтын көлемін ғана сатып алу керек деп отырмыз. Бұл ретте кез келген банк БЖЗҚ-ның ақшасын алуға келмес бұрын, ұлттық банкке нарықтан да қаржы тартуға қабілетті екенін нақты паш етуі керек. Сонда банктің тәуекелін жалғыз БЖЗҚ ғана емес, сондай-ақ қаржылық нарықтың өзге де қатысушылары бірге арқалайтын болады", – деп шарт қойды қаржылық реттеуші.  

Дегенмен, сарапшылар мен пікір білдірушілер бұл шаралардың "болашақ зейнеткерлердің" қамы үшін емес, жекеменшік банктерді қолдау үшін жасалып отырғанын айтады. Егер зейнетақылық қаржыларға қандай да бір банктің құнды қағаздарының жартысына жуығы сатып алынса, демек, олардың тәуекелдері де бес жыл бойы БЖЗҚ мойнында болуы ықтимал.

Өз сөзінде Данияр Ақышев бизнестің өміріне нәр беріп, несиелендіріп келген ірі банктер емес, орташалары екенін мойындады. Оның айтуынша, қазіргі кезде банктердің кредиттері кәсіпорындардың инвестициялық белсенділігінде елеулі рөл ойнамайды. Бизнестің инвестициясындағы банк кредиттерінің үлесі 20 пайыздан аспай отыр. Кәсіпкерлер жобаларына негізінен тапқан табысын жұмсайтын көрінеді. Демек, банкирлер таңатын "ірі банктер қаусап қалса, бизнес те құриды" деген байлам дұрыс еместей.

"2014-2017 жылдар кезеңінде орташа банктер экономикаға құйылған несиелердің өсімінің жартысын қамтамасыз етті. Жекелеген орташа банктердің қарыздық портфельдерінің өсімі 900 есеге дейін жетті. Ал ірі банктер бұл көрсеткіштерін тек екі еселей алды. Бірақ орташа банктер беретін кредиттердің өсуі мемлекеттік қаржылар есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, орташа банктердің міндеттемелері құрылымындағы мемлекеттік қаржылардың үлесі 50 пайыздан асады", – дейді ұлттық банк төрағасы.

Бұған дейін ел үкіметі несиелендіруді арттыру үшін банктерде ұлттық қор қаражатын орналастырып, қорландырып келгені белгілі.

Енді мемлекеттік қолдаудан қағылса, бизнеске жақын, онымен ынтымақтастыққа бейім тұратын орташа банктердің тағдыры бұлдыр болуы ықтимал. Қаржылық реттеуші мемқолдаудан қағылғандарына орташа банктердің өздері кінәлі екендігін білдірді. Олардың дәрменсіздікке ұшырап, лицензиялары тоқтатылған, аттары ел аузында жүрген бірнешеуі, Данияр Ақышевтің пікірінше, "өте либералды кредиттік саясат жүргізді", "өз акционерлерімен байланысты тұлғалар мен кәсіпорындарды несиелендірді", "материалдық кепілзатты көп сұратпады", салдарынан "үлкен қаржылық проблемаларға душар болды".     

Яғни, "бір қарын майды" шіріткен бірнеше банктің кесірі өзгелерге тигенге ұқсайды.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу