ЕҚДБ қателіктен сақтандырады

2450

Тек осы банк қана Қазақстанда су тарту және сумен жабдықтау секторына несие береді. Сондықтан бұл саланың кедергілерімен жақсы таныс.

ЕҚДБ қателіктен сақтандырады

Еуразиялық қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ) мәліметі бойынша, ол екі жыл ішінде Қазақстанда су тарту және сумен жабдықтау секторында жұмыс істейтін сегіз кәсіпорынды 180 млн доллар сомасына қаржыландырған. Биыл ЕҚДБ осы саладағы табиғи монополия субъектілерімен тағы бірнеше келісімге қол қоюға ниетті.

Бұл сектор инвестиция салуға тартымды болып табылады, себебі табиғи монополия субъектілерінің тарифтерін мемлекет реттейді және асыра табыс табуға жол бермейді. Сондықтан бұл сала жекеменшік инвесторлар үшін қызық емес. Қазақстандағы су тарту және сумен жабдықтау саласының мәселелеріне арналған Астанада өткен семинарда осы мәселе сөз болды.

"Су тарту және сумен жабдықтау саласындағы активтердің сапасы төмендеп келеді және едәуір инвестиция тартуды талап етеді. Географиялық тұрғыдан Қазақстан үлкен аумақты иеленген, осыған байланысты барлық өңірдің тұщы суға қолы жетпей отыр. Сондықтан бір куб метр суды тартуға немесе бір үйге жеткізуге жұмсалатын шығын бізден әлдеқайда кіші немесе халықтың орналасу тығыздығы жоғары елдермен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Сектордың негізгі қиындығы: актив сапасының төмендеуі, үлкен техникалық шығын, су сапасының төмен болуы және кейбір жерлерде  су тартуға мүмкіндіктің жоқтығы. Әрине  бұған көптеген кәсіпорынның жеткілікті деңгейде қаржыландырылмауы, осы кәсіпорындарда реформалау стратегиясының болмауы, сондай-ақ шығынның орнын толтырмайтын төмен тарифтер себеп болып табылады. Бұл жағдай тек Шымкент су каналына ғана тән емес, бұл айтарлықтай табысты кәсіпорын, оның жекеменшік инвесторы да бар. Өзге де жеке инвесторлар бар, бірақ әзірге жекеменшік сектордың үлесі тым төмен", - деді ЕҚДБ өкілі, Ресей және Орталық Азиядағы инфрақұрылым жөніндегі директор  Екатерина Мирошник.

Оның айтуынша, ЕҚДБ-ның Қазақстан су тарту саласына салған инвестициясы  "қажетті қаражатпен салыстырғанда оның аз ғана бөлігі" болып табылады.

"Қажеттілік біз бере алған сомадан 10-20 есеге жоғары. Өкінішке қарай, аталған кезеңде бұл сектордың қаржыландырылуын ұлғайтуға мүмкіндік жоқ, себебі су арналары компанияларының несие төлеу қабілеті төмен. Олар шынымен көп қаражат ала алмайды, себебі кейін қаражатты қайтара алмайды. Ал инвестицияны арттыру үшін не істеу керек?  Тариф белгілеуді реттеу керек, ол жұмсалған шығынды толық өтеуге тиіс, оған қоса ұзақ мерзімді тарифтер енгізу қажет. Бұл жергілікті өзін-өзі басқаратын кәсіпорындарға да, сондай-ақ осы салаға жекеменшік бизнесті тартуға да септігін тигізеді", - деп баса айтты Екатерина Мирошник.

ЕҚДБ мамандарының айтуынша, банктен аз да болса несие алу арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарын коммерцияландыру үдерісін іске қосуға болады.

"Егер біз тарифі шығынға ұшыратқан су каналына келсек, бірінші сұрайтынымыз: тарифті көтеруге мүмкіндік бар ма? Осыдан соң оны қандай деңгейге дейін көтеруге болатынын есептейміз.  Сондай-ақ 13 жылда қарызды өтеуге болатындай тарифке қосымша ақы енгізе аламыз ба, жоқ па, осы мәселені талқылаймыз. Екіншісі – ішкі үнемдеу, тиімділікті арттыру, менеджментті жетілдіру. Осының барлығын істеу үшін үш жыл уақыт беріледі, осы кезеңде несие төленбейді", - дейді ЕҚДБ вице-президенті, Ресей және Орталық Азия бойынша инфрақұрылым департаментінің аға банкирі Светлана Радченко.

Су тарту және сумен жабдықтау секторына МЖӘ мехнизмін енгізу де кәсіпорындарды коммерцияландыруға жол ашатынын айтады ЕҚДБ өкілі: "Жекеменшік секторды тарту кезең-кезеңмен іске асырылуы тиіс. Алдымен тиімділікті арттыру үшін басқару келісімшарттары негізінде мүмкіндік беріліп, кейінірек күрделі шарттарға қол қою керек".

Активтерді жеке қолға тапсыру рәсімі байқау өткізу арқылы ашық жүргізілуі керек, ал қол қойылатын шарт екі тарап – бизнес пен мемлекеттің мүддесін бірдей деңгейде ескеруі тиіс екенін айтады Светлана Радченко. Әйтпесе оның айтуынша, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындары тәуекелге бел бууға мәжбүр болады, соның салдарынан қаржы тартуда қиындық көреді.

Камбоджаның тәжірибесі Қазақстанға үлгі

Семинарда Камбоджаның астанасы – Пномпеньнің тәжірибесі сөз болды. 1993 жылы бір ғана мемлекеттік компания қаланы сумен қамтамасыз етіп отырды. Оның қызметін тұрғындардың 25%-ы ғана пайдаланатын, тұтынушылардың 48%-ы ғана ақы төлейтін, судың шығыны 72%-ға жетіп, тарифтер өзіндік нақты құнынан әлдеқайда төмен, ал су құбырлары ескірген еді. Компанияның табысы операциялық шығынның 50%-ын да өтей алмады.

1996 жылы компанияға халықаралық қаржы институттары, БҰҰ даму бағдарламасы грант пен қарыз берді, ол кәсіпорынды коммерцияландыруға бағытталды. 1993 жылы тұтынушылар саны 26 мың адам болса, кешенді бағдарламаның арқасында 2015 жылы 202 мың адамға жетіп, 750 есеге көбейді. Тариф бірнеше есеге өсті, халықтың 95%-на су тартылды. Жағдайы төмен отбасылар сумен қамтамасыз етілді: олар үшін тариф көлемінен 100%-ға дейінгі субсидия бөлінді. Тұтынушылардың 99,9 % ақы төлеп, су шығыны 6%-ға дейін қысқарды. Компания 1995 жылы барлық шығынын өтеп, табыс таба бастады, ол 2011 жылы 31,9 млрд риельге жетті (қазіргі бағам бойынша 8 млн доллар).

ЕҚДБ мамандарының сөзінше, Қазақстандағы су тарту және сумен жабдықтау саласына осындай реформа қажет.

"Камбоджада судың тарифі – бір куб метрге 25 цент. Қазақстанда да орташа тариф осындай, не сәл жоғары. Бірақ 10-20 центті құрайтын тарифтер де бар, мысалға Қызылорда да осындай. Десе де Қазақстандағы өмір сүру деңгейі Камбоджамен салыстырғанда өзгеше екенін ескерсек, мүмкін халық көбірек төлеуге дайын шығар. Бұл әлеуметтік сұрақ екені түсінікті,  халыққа тиімді болу үшін не істеу керек екенін зерттеу қажет. Біз барлығына бірыңғай тариф белгілеуді насихаттаймыз, бірақ тұрмысы төмен халыққа субсидия төлеу керек. Су тарту және сумен жабдықтау секторының шығынын тарифтер арқылы өтеуге болатынын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Кәсіпорындар жақсы қаражат таба алады, өз шығынын өтеп, несие бойынша төлем жасауға қабілетті болады, оның үстіне инвестиция салуға мүмкіндік туады", - дейді Екатерина Мирошник.

Оның айтуынша, қазіргі кезде табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылар құқығын қорғау комитеті  бірқатар қызмет түрлері бойынша тарифтерді қымбаттату және тұрмыстық деңгейі төмен халыққа субсидия бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр.

"Біз субсидиялау жүйесін әзірлеуде көмек көрсету үшін грант беріп жатырмыз. Сумен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету, электр қуаты, порт және аэропорт – осы бес сектор бойынша тариф белгілеуде жұмыс жүргізілуде. Біз жаңа әдіснама бойынша тарифті есептегіміз келеді, ал оны қалай және қай өңірде енгізетінін комитет шешеді", - деп мәлімдеді Екатерина Мирошник.

Жұмысты аяқтау мерзімі мен нәтижелері қандай болмақ екенін ЕҚДБ өкілі айтпады. Алайда семинарға қатысқан қаржы министрлігінің лауазымды тұлғалары қазіргі кезде үкімет "кез келген үлгідегі МЖӘ жобаларын қарастыруға дайын" екенін айтты.

"Қаржы министрлігі мен ұлттық экономика министрлігі қазір қандай үлгіде болмасын МЖӘ жобаларын іске асыруға ден қойып отыр. Біз қарыз беруді тоқтатып отырмыз, бюджеттің қаражаты шектеулі, сондықтан қаражат салу үшін жекеменшік секторды дамыту керек. Сондай-ақ олардың салған инвестициясының қайтарымы болатынына кепілдік беруіміз қажет. Егер сіз осы ұсынысты енгізсеңіз, біз қарастырамыз. Меніңше, бұл мүмкін", - деді қаржы министрлігінің мемлекеттік қарыз алу департаментінің директоры Руслан Мейірханов.

ЕҚДБ мамандары Қазақстандағы тұрған үй-коммуналдық шаруашылық саласының қиындықтарын жете түсінетіндіктен болашақта жекеменшік операторлардың пайда болуы мүмкін екенін айтады.

Дина Ермағанбетова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу