Экспортта – "Made in Kazakhstan" электровозы

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3648

"Астана" АЭА-да орналасқан Электровоз құрастыру зауытында Alstom компаниясы "Әзербайжан темір жолы" компаниясына (ADY)  арнап шығарған электровозын таныстырды.

Экспортта – "Made in Kazakhstan" электровозы

Бүгінде зауыт өнімдері, яғни KZ8A сериясындағы 48 жүк және KZ4AT сериясындағы 20 жолаушы электровозы Қазақстан темір жолдарында қызмет етіп, жүк және жолаушылар тасымалын жүзеге асыруда. Alstom компаниясының Батыс және Орта Азия кластерін басқарушы директоры Бернард Пелль, AZ8A локомотиві ЭҚЗ зауытының 2014 жылы "Әзербайжан темір жолы"  компаниясына 50 локомотивті, соның ішінде Prima M4 AZ4A үлгісіне жататын 10 жолаушылар локомотивін экспорттау жөніндегі қол қойылған келісімшарттың бір бөлігі екенін атап өтті.

"Бүгін біз Қазақстандағы зауытымызда Әзербайжанға арнап шығарылып отырған алғашқы жүк локомотивін таныстырып отырмыз. Бұл Alstom және "Әзербайжан темір жолы" компаниялары арасындағы тығыз ынтымақтастықтың нәтижесі. Осы локомотив Ресей мен Иран арасындағы, Қара теңіз және Каспий теңізі арасындағы байланысты дамытатын қатынас құралына айналады деп сенеміз", –  деді Бернард Пелль.

Оның айтуынша, Әзербайжан темір жол компаниясы ауыр жүктерді тасымалдау үшін Prima T8 локомотивін таңдапты. AZ8A – қазір Қазақстанда пайдаланылып жүргенKZ8A локомотивінің негізінде құрастырылған. Prima T8 сериясына жататын локомотивтерді құрастыру кезінде озық технологиялар пайдаланылып, ADY компаниясының талаптары ескерілген. Нәтижесінде электровоз функционалдығы және қауіпсіздігі тұрғысынан жоғары талаптар үдесінен табылып отыр.

"8 білікті Prima T8 локомотиві әлемдегі ең мықты электровоздардың біріне жатады. Екі секциядан тұратын бұл локомотив үлгісі оған орнатылған 8,8 мегаваттық қозғалтқыш қуатымен 9000 тоннаға дейін жететін жүкті тасымалдап,жылдамдығын 120 км/сағатқа дейін жеткізе алады. AZ8A локомотиві – 25 С-ден +50 С-ге дейінгі температурада пайдалану үшін жасап шығарылған. Модульдік конструкциясы арқасында ол техникалық қызмет көрсетуді аз дәрежеде қажет етеді және де беріктік деңгейі өте жоғары. Сонымен қатар техникалық қызмет көрсету арасындағы уақыт аралығын ұзартып, тұтынылатын энергия мөлшерін, локомотивке қызмет көрсету кезінде кететін шығындарды азайтады әрі көлік паркін басқару кезіндегі тиімділікті арттырады. Локомотивтер үлкен қашықтықтарға жүк тасымалдауға арналғандықтан ұзақ сапар кезінде машинистердің өздерін жайлы сезінуіне барлық жағдай жасалған. Жүргізуші климаттық бақылау жүйесімен, тағам дайындау және тамақ тоңазытуға арналған жүйесімен, дәретханамен жабдықталған кең кабинада жайлы ортада локомотивті жүргізе алады. Кабина денсаулық қорғау және қауіпсіздікке қатысты стандарттарға сәйкес құрастырылған" дейді ЭҚЗ бас директоры Жульен Ноди.

Бүгінде зауыт акцияларының 75 проценті – Альстом компаниясына, ал 25 процент акциясы – Трансмашхолдинг компаниясына тиесілі болып отырған Электровоз құрастыру зауытының Қазақстан үшін тиімділігі туралы Альстомның Таяу Шығыс және Африкадағы аға вице-президенті Дидье Пфлегер былай дейді.

"Біз үшін Электоровоз құрастыру зауыты 1520 кеңістігіне локомотивтерді құрастырып шығарып, тарату орталығы болмақ.Сондай-ақ, локомотивке қажетті тетік-бөлшектер, жинақтаушы компоненттер, тағысын тағыларды шығаратын болады. ЭҚЗ Қазақстандағы осындай қуатты электровоздарды шығаратын бірегей зауыт. Бастапқыда біз үш акционер болдық, ҚТЖ, Альстом, Трансмашхолдинг. Кейін ҚТЖ-ның акциядағы үлесін біз сатып алдық. Қазақстан үшін де бұл зауыттың үлкен маңызы бар. Бүгінде зауытта 400-ден астам қазақстандық азамат жұмыс істейді. Олар жоғары білікті, тиімділігі және сапасы жоғары еңбек кадрлары жұмыс істейді, олар, бүгінде Еуропаның және басқа елдердің мамандарымен бәсекеге түсе алады. Сондықтан мұндай мамандар біліктілігін оқшаулау керек және де біз Қазақстанмен, соның ҚТЖ компаниясымен ұзақ уақыт серіктес болып қаламыздеген сенімдемін. Оның үстіне, алдағы зауыт жұмыс ауқымын көбейтіп, тағы да жұмысшылар алып, оларды қызметіне қарай оқытып, машықтандыруды көздеп отыр. Бұл тағы да қосымша жұмыс орындары ашылады деген сөз".

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу