Электр энергиясын өндіру мен тұтынуда тепе-теңдік жоқ

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
21615

Үкімет энергия өндіруші нысанды жөндеуге ақша таппай жүр. 

Электр энергиясын өндіру мен тұтынуда тепе-теңдік жоқ

Тарифті көтеріп, шығынды халықтан есебінен жабуға болмайды, ал монополистер тапқан табысын жұмсағысы келмейді.

"Қазақстанда тарифтердің көтерілуі электр энергиясын өндіру мен тұтыну балансында профицит қалыптастырды. Бұл нарықтық қатынас заңына қайшы келеді. Елдегі көптеген станциялар тоқтап тұр, блоктар жұмыс істемей жатыр, электр энергиясына сұраныс жоқ, тариф қалыпастырудағы электр энергиясының орталықтандырылған сауданың рөлі болмашы ғана", –дейді "Астана-Энергия" АҚ менеджері Күнзада Саттықова.

Жалпы, елде мемлекет тарапынан табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік деңгейіне бақылау жоқ. Соның салдарынан кей монополистердің асыра пайда табуы қалыпты жағдайға айналған. Қазақстандағы тарифтің қымбаттығының бір себебі энергия таратушы компаниялар арасында бәсекелестік жоқ.

"Ақырғы тұтынушыны энергиямен қамтамасыз ететін таратушы компаниялардың негізгі қожайындары, табиғи монополиялар нысандарының басшылығы, ал таратушы компанияларды мемлекет бекітеді. Осыдан кейін салада бәсекелестік қайдан болсын?" – дейді Күнзада Саттықова.

Электр энергиясын тасымалдаушы компанияларды лоббилау мен ашық бәсекелестіктің жоқтығынан бағаның қымбаттығына алғышарт болып отырған тағы да бірнеше фактор бар. Олардың арасында табиғи монополиялардың шығындарын асыра көрсету, түрлі сараптамаларды сапасыз ұйымдастыру, мамандардың кәсіби біліктілігінің төмендігі, инвестициялық бағдарламадарды бағалаудың жоқтығы және тұтынушылардың қаражатын тиімсіз пайдалану сынды фактілер бар.

Тозған құрылғыларды жөндеуге ақша жоқ
Қазіргі таңда Қазақстанның энергожүйесінде 3 ГВт-тық профицит бар. Яғни энергия өндіруші нысандар осынша энергияны шығару мүмкіндігін пайдаланбай отыр.

"Самұрық-Энерго" АҚ басқарма мүшесі, өндіріс және активті басқару бойынша басқарушы директор Серік  Түтебаевтың айтуынша, мұндай профициттің екі себебі бар. "Біріншіден, 2014-2016 жылдары энергия тұтыну динамикасы азайып кетсе, екіншіден, 2009-2015 жылдары "тарифты инвестициямен алмастыру" бағдарламасының жүргізілуі. Аталған бағдарлама нысандардың күрделі жөндеу жасалып, қолданыстағы қуаттылықты жаңғыртып, жөндеуге мүмкіндік берді", – дейді Серік Түтебаев. Алайда, оның монополистер тарифті  қымбаттату арқылы жөндеу жұмыстарын істеді дегеніне ешкімнің сенбейтіні анық. Мемлекет басшысы Қауіпсіздік кеңесінің осы мәселе бойынша өткізген отырысында ешбір монополистің әлеуметтік жауапкершілікті сезінбегенін айтқан еді. 

Жалпы, энергия өндірудегі профициттің басты себебі өндірістегі құрылғылардың ескілігі екені жасырын емес. Мамандардың пікірінше, ескі құрылғыларды жаңартып, өндіріс қуаттылығын арттыру үшін құрылғыларды жөндеуге инвестиция тартуды инвесторларға тартымды ету керек. Осы орайда, Серік Түтебаев елдегі энергиямен қамту саласын тиімді жүйеге келтіру үшін электр энергиясына биржалық сауданы енгізу қажеттілігін атады. Яғни электр станциялары бәсекелестік ортаға шығарылып, энергия таратушы компаниялар энергияны сатып алу мен халыққа таратуда нарықтық жолмен жұмыс істеуі керек.

Биржаға шығару керек
"Қазақстанның электр энергиясы қауымдастығы" басшысы Шаймерден Оразалинов бұл тұрғыда энергетика нарығындағы компаниялардың құнды қағаз шығарып, салаға мемлекеттің араласуын азайтып, электр энергиясының саудасында таза нарықтық жолды ұсынады.

"Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан экономикасының нақты өсімі алдағы уақытта жылына 6-7 пайызға жететінін жариялады. Демек, 2030 жылы Қазақстандағы электр энергиясына сұраныс 144,7 млрд КВт-ты құрайды. Бұл дегеніңіз қазіргіден 58 пайыз артық. Олай болса, салаға үлкен реформа керек", – дейді қауымдастық басшысы.

Атап айтар болсақ ол 2030 жылға дейін арнайы салалық бағдарлама қабылдап, онда электр өндіруші нысандардағы құрылғылардың тозу мәселесін шешудің баламалы жолын ұсынады.

"Тозған құрылғыларды тарифті көтеру арқылы жөндеу мүмкін емес. Жаңа қаржыландыру көздерін іздеу керек. Мысалы, бағалы қағаз шығарып, инвестиция тартуға болады", – дейді маман.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу