ХЭА баяндамасы бағаны көтеріп тастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
20164

Сәуірде мұнай ұсынысының 300 мың баррельге өскені бағаны 2 долларға өсірді.

ХЭА баяндамасы бағаны көтеріп тастады

Кеше америкалық сессияның ашылуында Брент маркалы мұнай құны барреліне 70,58 доллардан 72,17 долларға қымбаттады. Бағаның өсуіне Халықаралық Энергетикалық агенттіктің ай сайынғы баяндамасында жарияланған мәліметтер түрткі болды.

ОПЕК-тің кей мүшелері өндірісті өсіріп жатыр
ОПЕК елдері сәуір айында мұнай өндірісін азайту туралы келісім міндеттемелерін 131%-ға артық орындады, деп айтылған Халықаралық Энергетикалық агенттіктің ай сайынғы баядамасында.

Сауд Арабиясы өткен айда өндірісті тәулігіне 9,78 млн баррельден 9,74 млн баррельге азайтса, Кувейт 2,71 млн баррельден 2,69 млн баррельге кемітті.

Ал келісімге биыл ғана қосылған Нигерия өндірісті екі ай қатарынан азайтқаннан кейін, сәуір айында қайтадан тәулігіне 0,1 млн баррельге өсірді. Сонымен қатар Ирак өндірісті тәулігіне 4,56 млн баррельден 4,63 млн баррельге өсіріп жіберсе, Ливия 0,1 млн баррельге, Венесуэла өткен айдағымен салыстырғанда 0,04 млн баррельге қысқартып отыр.

Жалпы, келісімге қатыспайтын Иран, Ливия мен Венесуэланы қоса есептегенде ОПЕК сәуір айында мұнай өндірісін тәулігіне 60 мың баррельге өсіріп, 30,21 млн баррельге жеткізіп отыр.

Қазақстан үшінші ай қатарынан азайтты
ОПЕК-ке кірмейтін елдерге келер болсақ, бұл мемлекеттер сәуірде өндірісті азайту туралы келісім аясында мойындарына алған міндеттемелерін 151%-ға артығымен орындап, өндірісті тәулігіне 18,56 млн баррельден 18,22 млн баррельге қысқартты. Бұл елдердің ішінде ең ірі өндіруші Ресей Федерациясы өз міндеттемесінің тек 80%-ын ғана орындаған екен.

Қазақстан үшінші ай қатарынан өндірісті төмендетіп, шамамен тәулігіне 160 мың баррельге кемітті. Қазір еліміз тәулігіне орташа есеппен 1,95 млн баррель қара алтын шығарып отыр. Келісім бойынша Қазақстанға тәулігіне 1,97 млн баррельден асырмау міндеттелгенімен, еліміз мұны артығымен орындап тастаған. Оған ірі кен орындарында жөндеу жұмыстарының жоспарланғаны себеп екені анық.

Сонымен қатар, Әзербайжан да өндірісті тәулігіне 120 мың баррельге азайтып, қазір 0,68 млн баррель ғана өндіріп отыр.

Ұйымға кірмейтін елдердің өндірісті артығымен қысқартып отырғанына қарамастан, Халықаралық Энергетикалық агенттік бұл мемлекеттер биыл өндірісті тәулігіне 1,7 млн баррельден 1,9 млн баррельге өсіреді деп жорамалдап отыр.

Ұсыныс та, сұраныс та азаяды
Жалпы, сәуір айында әлем бойынша нарықтағы қара алтын ұсынысы 300 мың баррельге азайып, 99,3 млн баррельді құрады.

Дегенмен 2019 жылдың орташа көрсеткішінде агенттік әлем бойынша мұнайға деген сұраныстың төмендейтінін болжап отыр. Осының өзі қара алтынның бұдан ары қыбаттауына кедергісін келтіріп отырғаны анық.

Агенттіктің мәліметінше, биыл мұнайға деген сұраныс әлем бойынша 90 мың баррельге азайып, тәулігіне 1,3 млн баррельге кемуге тиіс. Осылайша, 2019 жылғы мұнайға деген сұраныс орташа есеппен тәулігіне 100,4 млн баррель болады.

Мұнай нарығының негізгі драйсері негізінен ЭЫДҰ елдері емес, Қытай мен Үндістан болатыны да айтылуда. Бұл екі елдің сұранысы тәулігіне 0,7 млн баррельге өссе, ЭЫДҰ елдерінің сұранысы тәулігіне бар болғаны 0,2 млн баррельді құрайды.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу