Қазақстан көршілерге бензин экспорттайды

Куралай Абылгазина Куралай Абылгазина
2786

Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртқаннан кейін 1 млн тонна мұнай өнімін экспортқа шығаруға мүмкіндік туады.

Қазақстан көршілерге бензин экспорттайды

2019 жылы 3 мұнай өңдейтін зауыт (МӨЗ) жаңғыртылғаннан кейін мұнай өңдеу көлемі 14,5 млн тоннадан 17,5 млн тоннаға жетеді деп болжам жасады энергетика министрлігі. Осының арқасында бензин (АИ-92, АИ-95), дизель отыны (ДО), авиакеросин өндірісі артады, бірақ мазут өндірісі төмендейді. Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) және Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) жоспар бойынша 2017 жылы, ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты (ШМӨЗ) 2018 жылы пайдалануға беріледі.

Салыстыру үшін айтайық, 2016 жылы елімізде 14,5 млн тонна мұнай өнімі өндірілген. 2017 жылы мұнай өндірісінің көлемі бұрынғыша қалады немесе былтырғы жылдың көрсеткішінен шамалы ғана артық болады. Ал әзірге жанармай өндірісі елдегі көлік санының өсуін қуып жете алмай отыр. Мұнай және газ ақпараттық-сараптамалық орталығының мәліметіне сүйенсек, 2001 жылы елде 1000 адамға 70 көліктен келсе, 2016 жылы 1000 адамға 220 көліктен келген.

"Жанармайды тұтынудың күрт өсуі елде жанармай тапшылығына әкелді. Тапшылықтың бар екенін шамамен 2011 жылдан бастап байқап келеміз. Қазіргі уақытта бензин тапшылығы шамамен 30%, дизель отынының тапшылығы 15% болып отыр", – деп нақтылады МГАСО сараптама департаментінің директоры Бағдат Қадыров.

Салалық мекеме мамандарының айтуынша, жаңғырту жұмысы жүргізіліп болғаннан кейін елдің ЖЖМ және отын тапшылығы отандық МӨЗ-дің есебінен толық қамтылады. Елге Ресейден келетін бензин, дизель отыны және авиакеросин бойынша импорт алмастырудан құтыламыз. Екіншіден, барлық үш зауыттағы өңдеу тереңдігі, орташа есеппен алғанда, 63%-дан 83%-ға дейін артады. Үшіншіден, экологиялық К-4 және К-5 санатты өнімді шығару жолға қойылады, бұл Еуро-4 және Еуро-5 стандартындағы бензинмен бірдей. Төртіншіден, еліміз бензин және басқа да мұнай өнімдерін экспорттауға мүмкіндік алады.

Негізінен авиакеросин өндірісі ПМХЗ және АМӨЗ-дің іске қосылуы есебінен артады. Энергетика вице-министрі Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, еліміз әуе отынының негізгі бөлігін басқа елден алуға мәжбүр. Өйткені қазіргі уақытта оны Шымкенттегі МӨЗ-де шамалы ғана шығарады, ал Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты одан да аз шығарады. Бұрын авиакеросиннің негізгі бөлігін Павлодар зауыты шығаратын. Алайда 2015 жылы Павлодар МӨЗ-ге келіп түсетін ресейлік мұнайдың сапасы өзгеріп, авиакеросин өндіру процесін қиындатып жіберді.

"Соңғы жылдары әуе тасымалының көбеюінен авиакеросин пайдалану артып отыр. Осы жылы EXPO көрмесінің өтуіне орай жаңа рейстер ашылып, авиакеросин пайдалану тағы да артады. Бұл мәселені шешу үшін Павлодар зауытына гидротазалау жабдығын орнатамыз. Бұл жабдықты орнату ПМХЗ-ны жаңғыртуда бастапқыда жоспарланбаған болатын. Бірақ ресейлік мұнай сапасының өзгеруінен қосымша колонналар қоюға тура келеді. Сонымен бірге Атырау зауытының жаңғыртылуы да өзіміздің авиакеросинді өндіруге мүмкіндік береді. Келешекте бұдан пайда да табамыз", – дейді Мағзұм Мырзағалиев abctv.kz-пен болған әңгіме барысында.

Аи-80 маркалы бензин жайында айтар болсақ, оның өндірісі шектеледі. Ал жаппай өндіріс 2018 жылы тоқтайды. Әзірге Аи-80 маркалы бензиннің бағасын мемлекеттік реттеуді жою жоспарланып отыр, қазір энергетика министрі бұл ұсынысты ұлттық экономика министрлігімен талқылап жатыр.

Қазақстан отыннан басқа сұраныс артқан мұнай-химия өнімін – бензол, параксилол өндіреді.

"Осыған сай мұнай өнімдері қоржынының құны жоғарылап, біздің зауыттар ұсынатын мұнай бағасын өсіруі (ішкі нарықта) мүмкін", – дейді энергетика вице-министр Әсет Мағауов.

Энергетика министрлігі ішкі нарықтағы сұйылтылған газ, мұнай және мұнай өнімдерінің бағасын нарықтық қалыптастыруға көшіруді жоспарлап отыр. Бұл үшін елдегі шикізат тауарларын сатып алуға электронды биржа құрылады.

Мұнай өнімдерінің экспорты

Мұнай өңдейтін зауыттарды жаңғыртқаннан кейін бензин мен дизель отынын экспорттауға мүмкіндік туады. Шамамен 10 млн тонна бензин және дизель отыны өндіріледі, ел ішінде 9 млн тоннасы тұтынылып, 1 млн тоннасы сатылады.

"Осы 9 млн тонна соңғы төрт жыл бойы сақталып отыр. Бензин және дизель отынының жиынтық өндірісі шамамен 10 млн тонна болады. Яғни қалған 1 млн тоннаны экспортқа шығаруға болады. Біздің бағалауымызша, бізде экспорттық операция үшін үлкен қор пайда болады", – дейді Әсет Мағауов.

Бұдан бұрын энергетика министрі Қанат Бозымбаев 2019 жылы Қазақстан ақшыл түсті мұнай өнімдерін экспорттауға тыйымды алып тастайды деген болатын. Оның орынбасары Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, отандық мұнай өнімдері үшін әлеуеті бар нарық – Орталық Азия елдері.

"Бұл – бірінші кезекте, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан. Біз экспорттауымыз керек және экспортқа шығарамыз деп ойлаймын. Бүгінгі күні бұл елдердің нарығына басқа елдер тасымал жасайтыны түсінікті жағдай, мұның барлығы бәсекелестікке байланысты. Сонымен бірге біздегі логистика да ыңғайлы", – деп қорытындылады Мағзұм Мырзағалиев.

Құралай Әбілғазина

Telegram
ПОДПИСЫВАЙТЕСЬ НА НАС В TELEGRAM Узнавайте о новостях первыми
Подписаться