Қазақстан ОПЕК-тің алдында ұятты емес

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2982

Өткен айда елімізде 1 млн 643 мың баррель мұнай өндірілді.

Қазақстан ОПЕК-тің алдында ұятты емес

Астанада өтіп жатқан XI еуразиялық Kazenergy форумында энергетика министрі Қанат Бозымбаев алдағы уақытта энергетика саласына тартылатын инвестицияның 97%-ы жеке сектордың еншісінде болатынын баяндады.

"Мұнай-газ саласында келесі жылдан бастап жер қойнауын пайдалануға қатысты барлық келісімшарттарды оңтайландырамыз. Олардың рәсімделу мерзімін қысқартып, әкімшілік кедергілерді жоюға күш жұмсаймыз. Геологиялық барлау жұмыстарын жандандырып, энергоүнемдеуге басымдық береміз", – деді Қанат Бозымбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, алдағы уақытта мұнай өңдеу саласына энергия тиімділігін арттыру жобасы енгізіледі.

"Отын-энергетика секторындағы инвестицияның жалпы көлемі 2017-2025 жылдары 19 тлрн теңгеден асады. Бұл қаржының 97%-ы жеке инвестициядан құралады", – деді еліміздің бас энергетигі.

Осыдан соң ол Қазақстан дәстүрлі энергиямен қатар баламалы қуат көзін дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

"2020 жылға қарай елімізде баламалы қуат көзі үш, 2030 жылға қарай он, ал 2050 жылға қарай 50%-ды құрайтын болады", – деді министр.

Сөз арасында Қанат Бозымбаев геосаяси өзгерістер мен энергоүнемдеу саласындағы заманауи технология энергетика саласын дамудың жаңа сатысына көтергеніне назар аударды. Ол бүгінгі таңда энергоресурсты өндіру мен өңдеу және оның экспорттық бағытын анықтау ерекше бақылауда екенін жеткізді.

"Дүниежүзі бойынша қолданылатын дәстүрлі қуат көзі 82, мұнай 32, табиғи газ 21, көмір 29%-ды құрайды. Ал баламалы қуат көзі 18%-ға тең. Мұндағы үлестің басым бөлігі атомға тиесілі. Әзірше күн және жел энергиясы айтарлықтай деңгейде емес. Бұл дәстүрлі энергияға алдағы уақытта да жүгіне береміз деген сөз", – деді Қанат Бозымбаев.

Оның сөзінше, Қазақстан мұнай өндіретін елдердің ТОП-15, көмір өндіретін мемлекеттердің ТОП-10 құрамына енеді және уран өндіру ісінде әлем бойынша көшбасшы саналады.

"Ел экономикасы отын шикізатының экспортына тәуелді. Қазақстан төмен бағаға қарамастан, "Қашаған", "Қарашығанақ" секілді мұнай индустриясының ірі жобалары арқылы мұнай өндіруді жалғастыра береді", – деді Қанат Бозымбаев.

Министр Қазақстан ОПЕК-тің алдындағы міндеттемелерін тиісінше орындап жатқанын да мәлімдеді.

"ОПЕК-ке кірмейтін елдердің қатарындағы Қазақстан, бірінші кезекте Мексика ұйыммен келісім бойынша өзінің міндеттемесін 90%-дан астам деңгейде орындап жатыр. Ал Ливия, Нигерия елдері сенім үдесінен шыға алмауда", – деді ол.

Қанат Бозымбаевтың айтуынша, тамыз айында Қазақстан өзінің міндеттемесін асыра орындаған. Жоспарланған 1 млн 680 мың баррель мұнайдың орнына 1 млн 643 мың баррель өндірген.

"Қыркүйектің алғашқы аптасында да оң нәтиже аңғарылды. Бұдан бұрын айтқанымыздай, орташа жылдық көлемде Қазақстан өзінің міндеттемесін орындайды", – деді Қанат Бозымбаев.

Айта кетейік 2016 жылдың желтоқсанында ОПЕК-ке мүше және оған кірмейтін өзге де мұнай экспорттаушы елдер 2017 жылдың 1 қаңтарынан жылдың ортасына дейін мұнай өндірісі көлемін тәулігіне 1,8 млн баррельге азайту туралы ортақ келісімге келді. Шілденің 1-нен бастап бұл келісімнің күші жойылатын болды. Кейін ОПЕК және одан басқа 10 мемлекет тоғыз ай мұнай өндіруді шектеу  туралы келісімді ұзартып, оның мерзімін 2018 жылдың сәуіріне дейін созды. Бұл туралы Abctv.kz  Қазақстан ОПЕК-ті неге "лақтырып" кетті?   деген тақырыпта мақала жариялады. Онда Қазақстан ОПЕК+ шартын сөз жүзінде қалдырып, өндіріске қарқын бергені, салдарынан халықаралық энергетикалық агенттік Қазақстанның мұнай өндіру көлемін қысқарту бойынша ОПЕК алдындағы өз міндеттемесін орындамағанын мәлімдегені жазылды. Сонымен қатар ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың: "Қазақстанның ОПЕК алдындағы міндеттемесі бойынша  ай сайын белгілі бір көлемде азайтып отыру керек емес, тек жарты жылда көрсетілген көрсеткішке төмендетсек болғаны. Нақтырақ айтар болсақ, 1 қаңтар мен 1 шілде аралығында 1,7 млн баррельден асырмасақ болғаны. Бұл былтырғы көрсеткіштен 20 мың баррельге төмен", - деген пікірі берілді.

XI еуразиялық Kazenergy форумында Қанат Бозымбаев мұнай өнімдеріне қатысты елдің ішкі сұранысы толық қанағаттандырылатынын айтты.

"Атырау мұнай өңдеу және Павлодар мұнай-химия зауыттарын жаңғырту жұмысы жыл соңына дейін аяқталады. Ал Шымкент мұнай өңдеу зауыты келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында іске қосылады.

Болашақта сығылған табиғи газды қолдануға басымдық беріледі. Орталық, Солтүстік Қазақстан бағытындағы газ инфрақұрылымы дамытылады және Шығыс  Қазақстанды газбен қамтамасыз ету қолға алынады. Көмір өндіру саласына инновациялық технология енгізіледі", – деді ол.

Бұдан кейін министр Қазақстанда жылына 2,3 млн тонна жоғары сапалы өнім өндіретін 4 мұнай-газ химия зауыты салынатынын айтты. Алайда оның қашан қолданысқа берілетінін нақтылаған жоқ.

Өз баяндамасында Қанат Бозымбаев Астанада "жасыл" технологиялар орталығы құрылатынын айтты.

"ЭКСПО базасында жақын арада болашақ энергияларының инвестициялық жобалары мен "жасыл" технологиялардың халықаралық орталығы құрылады. Ол трансформациялық энергетикалық сектор мен "жасыл" бизнеске өтуге қатысты тапсырмаларды шешеді. Аталмыш орталық Ресей, Қытай, АҚШ, Үндістан және Латын Америкасы елдерімен серіктес болады", – деп қорытты ойын энергетика министрі.

Осыдан соң Қанат Бозымбаев "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы Қазақстанның атом электрстанциясының техникалық-экономикалық негіздемесін құру жұмысын бастауды жоспарлап отырғанын жеткізді.

"Осы жылдың соңына дейін "Қазатомөнеркәсіп" ұлттық компаниясы техникалық-экономикалық негіздеме құру жұмысын бастамақшы.

ТЭН-нің құрылуы келесі жылы "иә немесе жоқ" деген сұраққа жауап береді. Қазақстанда атом электр станциясы салына ма, жоқ па оны ТЭН-нің нәтижесі анықтайды", – деп түйді ойын министр

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу