Қазақстан тауарларды таңбалау процесінен бас тарта алады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3633

Арнайы келісімге сәйкес, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге тауарларды таңбалауға қатысты шешім қабылдауға құқық берілген.

Қазақстан тауарларды таңбалау процесінен бас тарта алады

Бүгінде тауарларды таңбалау (маркалау) мәселесі қоғамда жиі талқыға түсіп жүр. Осыған орай inbusiness.kz "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына журналистік сауал жолдаған болатын.

Ұлттық палатаның хабарлауынша, қазіргі уақытта тауарларды маркалауға қатысты нормативтік-құқықтық актілер әзірленіп жатыр. Мәселен, 2019 жылдың 2 ақпанында Алматы қаласында Еуразиялық экономикалық одақта тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге қол қойылған. Келісім осы жылдың 29 наурызында күшіне енді. Аталған келісімді жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне таңбалауға қатысты тиісті нормалар енгізілді. Аталған нормалар іскерлік орта мен сауда қызметін реттеуді дамытуға бағытталған.

"Осылайша, тауарларды таңбалау, сәйкестендіру құралы, Ұлттық тізімдеме, Бірыңғай оператор, ҚР Үкіметінің таңбалау мәселелері бойынша функциялары мен өкілеттілігі, Бірыңғай оператордың функциялары, үйлестіруші және салалық мемлекеттік органдардың функциялары түсініктері анықталды. Сондай-ақ тауарлар мен ішкі сауда субъектілеріне қойылатын талаптар белгіленді. Қазақстанда тауарларды бақылау және таңбалауды жүзеге асыру бойынша ұйымдастыру шараларының жоспары, яғни "жол картасы" бекітілді. Жоспарды әзірлеу барысында бизнес-қауымдастықтың ұсыныстары ескерілді", – делінген "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының бізге жолдаған ресми хабарламасында.

Жоғарыда аталған келісімге сәйкес, одаққа мүше мемлекеттер белгілі бір тауарды таңбалауға қатысу я қатыспау туралы шешім қабылдауға құқылы. Осыған байланысты Қазақстанның белгілі бір тауарды маркалаудан бас тартуға құқығы бар.

"Еуразиялық интеграция аясында әр түрлі өнімдерді таңбалау мәселесі жиі талқыға түсетін болды. Бұл негізінен екі негізгі мәселені шешу үшін қажет. Біріншіден, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы мен нарығындағы тауарлардың "өмірлік" циклін, яғни жасалған сәтінен бастап айналымнан шыққанға дейінгі жағдайын толықтай бақылау. Екіншіден, "көлеңкелі" тауар айналымымен күресу. Қазақстан әлемде орын алып жатқан процестерден тысқары қалмай, нарық үшін жаңа құрал саналатын "тауарларды таңбалауды" енгізу бойынша дайындық жұмыстарына кірісті", – делінген хабарламада.

Осы орайда, Қазақстанның тауарларды таңбалау саласында өзіндік тәжірибесі бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, былтыр тері өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Осылайша,   Қазақстанда табиғи тері өнімдерін міндетті таңбалау енгізілген. Сонымен қатар алкоголь және темекі өнімдеріне байланысты пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Пилоттық жобалардың нәтижесіне ауқымды сараптама жүргізіледі. Соның негізінде ғана міндетті таңбалауға қатысты шешімдер қабылданатын болады.

"Қазіргі уақытта нақты тауарлар тізілімінің жоқтығынан, таңбалауды енгізуге жұмсалатын жалпы қаржылық шығындарды есептеу мүмкін емес. Осы орайда, жүргізіліп жатқан жұмыстар шеңберінде таңбалау енгізілетін тауар түрлеріне байланысты кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау көрсету мәселесі талқыланып жатқанын атап өткен жөн", – деп хабарлады "Атамекен".

Таңбалауды енгізу адал кәсіпкерлердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады деген сенім бар. Сондай-ақ заңсыз өнімдердің салдарынан салаға келтірілетін залал көлемі азаймақ. Бұдан бөлек, логистикаға қатысты жағдайдың толық картинасын бақылауға, сауда орнындағы тауарлардың нақты санына қатысты ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік тумақ.

"Сонымен қатар, таңбалауды енгізген кезде кәсіпкерлер қосымша қаржылық шығынға ұшырайды. Қаржылық шығындар тауарлардың әрқайсысына байланысты есептелетін болады. Өйткені олардың таңбалау формасы мен технологиясы бір-біріне ұқсамайды. Осы орайда, тауарды өндірушілер мен сатушылардың шығыны кәсіпкерлік қызметтің түріне байланысты бір-бірінен ерекшеленетін болады", – дейді "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы.

"Атамекеннің" хабарлауынша, дәл қазіргі уақытта таңбаланатын тауарлардың бағасы қаншалықты өсетінін дөп басып айту қиын. Жүзеге асырылып жатқан пилоттық жобалар бизнестің қандай шығынға ұшырайтынын және бұл процестің тауарлардың түпкілікті бағасына қаншалықты әсер ететінін анықтап беруге тиіс. Мәселен, табиғи тері өнімдерін таңбалу кезінде пайдаланылатын таңбаның құны 400 теңгені құрайды. Сондықтан ол өнімнің түпкілікті бағасына айтарлықтай әсер етпейді.      

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасына тауарларды таңбалауға қатысты кәсіпкерлерлен түрлі өтініштер келіп түсуде. Олардың дені таңбалау процесін толықтай түсіндіріп беруді сұрайды. Сонымен қатар қандай салаларды қамтитынына, бизнеске қандай талаптар қойылатынына арналған. Бұл процесті кезең-кезеңімен енгізу туралы ұсыныстар да айтылуда. Сонда бизнес бұл іске нақты дайындықпен келмек. Бизнес тарапынан келіп түскен өтініштердің бәрі өкілетті мемлекеттік органдармен және Еуразиялық экономикалық комиссиямен пысықталады", – делінген ресми хабарламада.

Таңбалау дегеніміз – тауарларға сәйкестендіру құралдарын қолдану процесі. Яғни, тауарға штрих кодтарды, бақылау және сәйкестендіру белгілерін, материалдық тасымалдаушыларды енгізу. Таңбалау өнімді жасалған сәтінен бастап айналымнан шыққанға дейінгі жағдайын толықтай бақылауға мүмкіндік береді. Тауарларды таңбалау мемлекетке де, кәсіпкерлер мен тұтынушыларға да тиімді.  

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу