Қазақстанда білім беру саласында тұтас қылмыстық схемалар әшкереленуде

19662

Барлық дерлік бақылаушы, қадағалаушы органдардың Астана мектептерінде жаппай тексеріс жүргізуі жұртшылықты шошытты. 

Қазақстанда білім беру саласында тұтас қылмыстық схемалар әшкереленуде Фото: Inbusiness.kz

Polisia.kz Бас прокуратураның басшылығымен елордадағы бүкіл мектепте бұрын-соңды болмаған кең ауқымды тексерістер жүріп жатқанын хабарлады. Бұл тексерістер балалардың күзгі каникулы кезінде бітпейді, одан кейін де жалғаспақ. ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, тексерістер тек қараша айының соңында аяқталады.

"Бұл ауқымды шараға түрлі ведомстволардың, соның ішінде прокуратураның, полицияның, білім беру, әлеуметтік қорғау, органдарының, СЭС-тің, төтенше жағдайлар басқармасының, фармацевтикалық бақылауға, архитектураға жауапты мекемелердің 70-тен астам қызметкері жұмылдырылған. Жалпы алғанда, қаладағы 98 мемлекеттік мектеп, 56 – жеке мектеп, 3 – Назарбаев Зияткерлік мектептері, 4 – республикалық, 3 – коррекциялық білім беру ұйымы және 5 – BINOM мектептері тексеріледі", – деді ІІМ әкімшілік полициясы комитетінің басшысы. Осыдан-ақ мектептердегі тексерістердің сан-салалы бағытын байқауға болады. Мысалы, оның барысында балалардың қауіпсіздігі, қорғалуы, оларға қатысты жасалатын қылмыстар және басқасы да анықталады.

                                                                                                                     Фото: polisia.kz

Биыл білім беру саласын сыбайлас жемқорлық қылмыстармен күресетін құрылымдар да жан-жақты тексерді. Бұрынғы министрлерден білім саласында қалған жөнсіздіктер туралы Inbusiness.kz талай талдап жазған болатын (саланы басқарған министрлердің аты-жөнін терсе, шығады). Билік қаншама жыл көз жұма қарап, "жауырды жаба тоқып" келген сол былықтардың бетін енді құзырлы органдар ашып жатыр.   

Мысалы, Антикор биыл білім беру саласындағы жүйелі проблемаларды әшкереледі. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысында тек осы салаға қатысты 100-ден аса қылмыстық іс тергелуде. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағалидің мәліметінше, білім беру саласында кең өрісті коррупцияға жағдай жасайтын жүйелі проблемалар анықталды.

Антикор интеграцияланған талдау тәсілін пайдалана отырып, салада жылдар бойы жолға қойылған сыбайлас жемқорлық схемаларын ішінен егжей-тегжейлі зерделеуге мүмкіндік алыпты. Соның арқасында бүкіл Қазақстан бойынша білім беру саласындағы тұтас қылмыстық схемалар ашылды. Алматы, Шымкент және Талдықорған қалаларының, Қызылорда және Ақтөбе облыстарының білім беру саласындағы лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық істер қозғалған.

Мәселен, мектеп директорлары мен есепшілері бухгалтерлік есеп жүйелерінің қазынашылықпен және басқа деректер базаларымен өзара интеграцияланбағанын, әрқайсысы бөлек-бөлек жұмыс істейтінін пайдаланып, бюджет қаражатын молынан жымқырып келген.

Жаппай белең алған бұл қылмыстарды әкімдіктердің білім бөлімдерінің басшылары мен мемлекеттік аудиторлар бүркемелеп отырған.

Биылғы бірінші жартыжылдықтың өзінде білім саласындағы схемалар түрлі шенеуніктерге кем дегенде 7,9 миллиард теңгені қалталарына басуына мүмкіндік беріпті. Оларға қатысты 102 қылмыстық іс тіркелген.

Бұл тек басы ғана болса керек. Себебі, Қаржы министрлігінің мәліметінше, білім саласы еліміздегі ең шығысы көп саланың бірі саналады. Нақтылағанда, республикалық бюджеттен 2023 жылы білім беру жүйесіне 729 миллиард теңге бағытталған.

Бір ғана "Жайлы мектеп" ұлттық жобасын жүзеге асыруға кем дегенде 2,4 триллион теңге шығындалады. Олигархтардан және жемқорлардан тартып алынатын миллиардтар да білім беру саласына құйылады.

Таңғаларлығы сол, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің коррупцияға құнар болған кінәраттарды жоюды қарастыратын ұсынымдарының тізімі он, тіпті жүз емес, 1100-ден астам рекомендациядан тұрады. Оларды орындап, жүзеге асырмай, ел жылдар бойы өсіп-өніп келген "коррупциялық тәуекелдерден" арыла алмайды. Меморгандар олардың әзірге 33%-ын орындаған көрінеді.

Білім беру жүйесінің жай-күйі ұлттың әлеуетін арттырып, елді өркендетуде шешуші рөл атқарады. Осы себепті Мемлекет басшысы білімді ұрпақсыз "елдің өрлеуі туралы айтуға да болмайтынына" екпін түсірді. Сондықтан мемлекет білім беру саласына баса мән беруде.

Тек 2021 жылдан бері педагогтердің жалақысы 2 есе өсті. Ғылыми дәрежелер және сабақтан тыс оқытулар үшін санатына қарай еңбекақысының 50%-ына дейінгі көлемде үстемеақы төленеді. Нәтижесінде, тіпті жас мұғалімнің жалақысы толық жүктелгенде айына 300 мың теңгеден асады. Тәжірибелілері, ғылыми дәрежесі барлары, түрлі қосымша сабақ, үйірме және басқасын жүргізетіндері – орта есеппен 800 мың теңгеден жоғары алатын көрінеді. Оқыту үшін лайықты жағдайлар жасалуда. Заманауи, толыққанды жабдықталған, жайлы мектептер салынуда.

Алайда қазақстандық білім сапасы жыл өткен сайын құлдырауда. Мұны елдің жаһандық рейтингтерінің төмендеуі паш етеді. Ата-аналар біраз педагог шәкірттерін оқытуға, терең білім беруге бей-жай қарап, үй жаттығуларын тапсырумен шектелетіндіктен, қосымша репетитор жалдауға шығындалуға тура келетініне жиі шағымданады.

Ата-аналар комитеті арқылы заңсыз ақша жинату, сыйлық сыйлату, "таңдаулы балаларды" лайықсыз болса да, жасанды түрде "Алтын белгі" деңгейіне тарту, педагогтердің жалған дипломдар мен сертификаттар алуы сияқты кесір-кесапаттары тыйылу орнына, өршіп, белең алып кетті. Мұның бәрі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері тамыр жаятын "құнарлы топырақ" саналады. Мұндай қылмысқа барған педагог жас ұрпаққа қандай озық үлгі, ізгі ұлағат бермек?

Антикордың байламынша, саладағы жүйелі коррупция мемлекет жүргізіп отырған реформаларды жоққа шығарады. Салдарынан, "білім саласы елдегі ең көп жемқорлық жайлаған саланың біріне айналды". Қылмыстық құқық бұзушылықтар саны жөнінен соңғы жылдары білім саласы антилидерлердің көшінің басында тұрақты, берік орын алды.

Агенттіктің дерегінше, 2020 жылдан бастап, 2023 жылғы 5 айда көшті ауыл шаруашылығы бастап тұр – 382 қылмыс тіркелген. Содан соң білім беру саласы орналасты – 343 қылмыс ашылды. Ашылмағаны қанша? Бұл қылмыстық істер аясында әзірге 143 тұлға сотталды.

Мысалы, биыл бір ғана Қызылорда облысында 12 мектептің бухгалтері үш жыл бойы бюджет қаржысын ұрлап келгені анықталды. Оларға аудандық білім бөлімінің басшысы және бас есепшісі "крыша" болған. Олар 1 миллиард теңгеден артық қаражат ұрлады. Антикор ұқсас қылмыстар еліміздің барлық өңірінде тіркелгенін мәлімдеді. Талдықорғанда білім шенділері елді 4 миллиард теңгеге тонаған.

Сала жемқорларының қолданатын айла-шарғыларының арсеналы орасан. Мысалы, "мұғалім таппай жатырмыз" деп, вакансиялар қорын ұзақ уақыт бойы жасанды түрде ұстап тұрады. Оған "өлі жандарды" алып, жалақы аударады. Параға педагогтердің жұмыс өтілін жалған өсіріп береді, категорияларды негізсіз тағайындайды. Сырқаттану парағына, декреттік демалысқа қажетті сомаларды қолдан ұлғайтады. Мектепте оқитын оқушылар санын қосып жазатындар жетерлік.

Тексеруші мамандар білім саласындағы былықтардың ұштығын табу қиын екенін жасырмады. Бұрмалаулар жаппай орын алады. Олардың бәрін тексеріп, салғастырып отыру өте күрделі іс. Себебі, салада бюджетті қалыптастырудан бастап, өтініштерді бағыттау, оларды жиынтықтау және басқа да процестері автоматтандырылмаған. Әлі күнге дейін барлығы қағазда басылады, қолмен тасылады.

Әрі сала шенеуніктері қағаздан тау тұрғызады. Мысалы, еліміздегі ең шағын өңір саналатын Солтүстік Қазақстан облысына тексеріспен барған мамандарға бір ғана ауданның білім бөлімі бір ғана бюджеттік өтінімдердің 50 мыңнан астам парағын қораптарға толтырып әкелген!

Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында мектеп директорларының бюджетті қалыптастыру үшін мүлдем бюджеттік өтініш бағыттамауының фактілері әшкереленді.

Антикор білім беру саласында өтінімде бюджетті асыра көрсету схемасы қолданылатынын анықтады: нәтижесінде, жыл соңында қомақты сомада қаржы үнемделеді. Білім беру бөлімі ары қарай ол ақшаны ұрлық схемасына қатысатын мектептер арасында бөліске салады.

Антикор білім беру мекемелерінің бухгалтерияларын орталықтандыру бойынша іс-шараға бастамашы болды. Бұл шара заңсыз аударымдар мүмкіндігін техникалық тұрғыдан жояды деп күтілуде.

Білім беру ұйымдарында азаматтардың мектеп бюджеті туралы ақпаратқа толық қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін бұлтты технологияларды енгізу басталды. Бұл бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуына қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуі, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу